Павлодарда офицерлер ұлт ұстазының асыл сөздерін оқудан челлендж түсірді

Павлодарда офицерлер ұлт ұстазының асыл сөздерін оқудан челлендж түсірді

Ұлт ұстазы, қазақ санасының шамшырағы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай  5512 әскери бөлімінде «Тілге құрмет - елге құрмет!» акциясы аясында бірқатар іс-шаралар өткізілді, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Басқарма және бөлініс офицерлерінің қатысуымен  Алаштың алтын дәуірінің айнасы, қазақ ұлтының атойшыл рухы, ұлт жолында құрбан болуға даяр ұлттық сана-сезімнің қайнары – Ахметтің асыл сөздерін оқудан челлендж түсірілді. Отан қорғаушылар Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде  шаһардың зиялы қауымының  қатысуымен ұйымдастырылған «Ана тілім – ардағым» атты әдеби-музыкалық кеште  Ахмет атамыздың ой түбінен шыққан «Отан, халық, білім» тақырыбын арқау еткен туындыларын жұртшылық назарына  паш етті. Әсіресе, қоңыр дауысымен жұртшылықты баурап алып, көрерменнің көзайымына айналған Қостанай қаласынан шақыртылған Ахмет Байтұрсынұлының жерлесі,  қатардағы жауынгер Санжар Алпысов болды. Ол Ахмет Байтұрсынұлының темір құрсауда жатып, Файзолла досына арнаған «Қаншеңгел» толғауын нақышына келтіріп орындап берді. 

– Cапта жүрген сарбаздарымыздың ұлт ұстазының өлеңдерін санасына тоқып, жұртшылыққа дұрыс жеткізе білуі Ахмет шығармашылығының өміршеңдігінің дәлелі емес пе? – деді кеш соңында Ә.Марғұлан университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Әділбек Дәуітбекұлы.

Сонымен  қатар, Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы облыстық кітапханада Қазақстан халқының тілдері күніне орай «Тіл – татулық тірегі» атты кітап көрмесінің ашылу салтанатына қатысты. Әскерилер Ахмет Байтұрсынұлының тіл туралы еңбектерімен, қазіргі қазақ тіл біліміне, қазақ тілінің өзекті мәселелеріне арналған отандық ғалымдардың зерттеулерімен танысты. Бұдан бөлек, әскери бөлімнің клубында мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің қатысуымен өткізілген ақпараттық сағатқа  филология ғылымдарының докторы, профессор, Торайғыров университетінің оқытушысы  Бақытгүл Қапасова қатысып, Ахмет Байтұрсынұлының  өмірі мен шығармашылығы, қазақ халқына сіңірген еңбегі, қазақ тіл білімі саласындағы жаңалығы жайында бүге-шігесіне дейін  әңгімелеп берді, ұландықтардың ой-өрісін кеңейтіп, рухани азық берді. 

Бөлім офицерлері мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілері Павлодар облысының «Қоғамдық келісім» сарайында мемлекетіміздің көрнекті қайраткері Тұрар Рысқұловтың туғанына 130 жыл толуына орай ұйымдастырылған жалпықазақстандық диктантқа қатысып, білімдерін шыңдап, азаматтық ұстанымдарын танытты. Диктантқа қатысқандардың қатарында өзге ұлт өкілдері Кирилл  Франк пен Дмитрий Майоров   болды. Кирилл Франк өз сөзінде жалпықазақстандық диктантқа  алғаш рет қатысып отырғандығын,  сәл қобалжу бар, бірақ ойдағыдай нәтиже көрсетуге тырысатындығын жеткізді. 

Қазақстан қазақ тілінің ғана емес, қазақ елінде  тұратын барлық ұлттар  мен ұлыстардың тілінің дамуына барынша жағдай жасап отыр. Бүгінде біздің азаматтық міндетіміз қазақ тілінің  байлығын, қазақ халқының болмыс-бітімін насихаттау, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу болып табылады. Ұлттық ұланда ұлттық мақсатымызды күшейтудің бірінші тетігі болып табылатын тіліміздің туы лайым биік болсын! – дейді 5512 әскери бөлімінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімшесі бастығының  мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі аға көмекшісі, аға лейтенант Дана Мұқанова.

«Достық үйінің» шығармашылық ұжымдары 5512 әскери бөлімінің сарбаздарына арнап  «Қазақстан халқының   тілдері күніне» орай «Мәңгілік ел – мәртебелі тіл» атты мерекелік концертті сыйға тартты. Аталмыш шараға  «Нұр-Ана әлемі»ҚБ жастары, «Славян» мәдени орталығы,  «Беларусь» мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі, «Халкъан Барт» шешен-ингуш  этномәдени орталығының өнерпаздары қатысып, жеке құрамға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, мерекелік атмофераны сезіндірді. 

5512  әскери бөлімінің жедел мақсаттағы бөліністерінде халқымыздың айнасы болған ұлы қоғам қайраткері – Ахмет Байтұрсынұлының 152 жылдығына орай қабырға басылымдары мен көрме бұрыштары әзірленді. Демалыс күндері жеке құрам Ахмет атамыздың ауыр тағдырынан, байыпты мінезінен сыр шертетін  «Ұлт ұстазы» атты телехикаяны тамашалады.