Павлодар облысында ветеринар жалған дипломмен жұмыс істеген
Құжаттың жалған екені тексеріс кезінде анықталды, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, аудандардың бірінде жеке істердің мәліметтерін тексеру барысында ветеринар дәрігер Омбы мемлекеттік аграрлық университетінде жоғары білім алғандығы туралы «Ветеринария» мамандығы бойынша жалған диплом ұсынғаны анықталды.
– Университеттің жауабына сәйкес, ауыл тұрғыны аталған оқу орнын бітірген түлектердің тізімінде болмай шыққан. Яғни, оған университетті бітіргені туралы диплом берілмеген. Осы фактіге қатысты Қазақстан Республикасы ҚК-нің 385-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, – деп хабарлады департаментте.
Айта кетерлігі, жалған құжаттардың ішінде балалардың туу туралы куәліктері, келісімшарттар, анықтамалар, куәліктер, көлік, мүлік құжаттары, оның ішінде жоғары білім туралы дипломдар кездеседі.
Бүгінгі таңда полицияда жалған құжаттардың 22 фактісі тіркелген.