Арзан iPhone алғысы келген павлодарлықтар алаяққа алданды
Смартфонды нарықтық бағадан арзан алғысы келетін адамдар ақшаларынан айырылған, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Polisia.kz медиа-порталының мәліметінше, Атырау облысы полиция департаменті мен Талдықорған полиция басқармасының қызметкерлері бірлесіп, қылмыстық топты анықтады. Қылмыстық топ «Аnti-fraud» жедел алдын алу іс-шарасы аясында алаяқтық сериясына күдікпен ел аумағында ұсталған.
– Күдіктілер әлеуметтік желілерде жалған парақша ашып, iPhone ұялы телефондарын «сату» арқылы алаяқтықпен айналысқан. Смартфонды нарықтық бағадан арзан алғысы келетін адамдар ақшаларынан айырылған. Алаяқтар ақшаны дроппер арқылы қолма-қол ақшаға айналдырып, шоттарына аударған. Зардап шеккендердің арасында Семей, Алматы, Астана, Қарағанды, Ақтөбе, Ақтау, Ұлытау, Өскемен, Шымкент, Орал, Павлодар облыстарының тұрғындары бар, – деп жазылған хабарламада.
Ұсталғандар – 18 және 56 жастағы күдіктілер, Алматы қаласының тұрғындары екені анықталды. Тексеру кезінде екі iPhone 14 және iPhone 12, iPhone 6S, Samsung, ноутбук, 12 SIM картасы, модем, түбіртектер алынды.
Бүгінгі таңда залалдың жалпы сомасы 2 млн теңгеден асады. Қазіргі уақытта күдіктілерге қатысты ҚР ҚК 190-бабының 3-бөлігі бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.