Павлодар облысының басқарма басшысы тәртіптік жазаға тартылды

Павлодар облысының басқарма басшысы тәртіптік жазаға тартылды
Фото: Константин Шелков

Оның қарамағындағы қызметкер елу мың теңге ақша пара алған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің мәліметінше,  лауазымдық міндеттерін тиісті орындамағаны үшін жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы сөгіс түрінде тәртіптік жазаға тартылды.

– Тамыз айында оның қарамағындағы қызметкер жақтаушылық пен әкімшілік жауапкершілікке тартпау үшін 50 мың теңге сомасында пара алғаны әшкереленді, – делінген хабарламада.

Биыл өңірде ҚР ҚПК 200-бабына сәйкес 30 ұсыныс енгізілді. 

– Оларды қарау нәтижелері бойынша әкімшілік жауапкершілікке – алты адам, тәртіптік жауапкершілікке  45 адам тартылды. Оның ішінде, 14 тұлға – қатаң сөгіс алып, төртеуі жұмыстан шығарылды, – деді облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінде.

Айта кету керек, «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның 10-бабына сәйкес мемлекеттік органдардың басшылары бағынысты мемлекеттік қызметшілер тарапынан жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алуға тиіс.