Павлодарда ұлы классиктердің шығармалары шырқалады
Жергілікті оркестр астаналық дирижерлердің сүйемелдеуімен концерт ұйымдастырады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
2 маусымда сағат 17:00-де И. Байзақов атындағы облыстық филармонияда симфониялық оркестр кезекті концертін қояды. Ұжымның көркемдік жетекішісі әрі бас дирижері – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Болат Рахымжанов.
– Тыңдармандарға музыкант Джоаккино Россинидің «Итальянка в Алжире» атты операсының увертюрасы, Вольфганг Моцарттың № 35 симфониясы паш етіледі. Ал астаналық солистер – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жәмиля Махпирова және халықаралық байқаулардың лауреаты Анель Шакирова Иоганн Себастьян Бахтың гобой мен скрипкаға арналған, ре минор концертін орындайды,– деді филармонияда.
Анель Шакировамен бірге республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаты, «Ішекті квартет» номинациясы бойынша камералық ансамбльдер арасындағы халықаралық конкурстың гран-при иегері Ахмет Сұлтанов скрипка мен альтқа арналған В. А. Моцарттың ми бемоль мажор концерттік симфониясын ұсынады.
Дирижерлік пультте кеш қонағы – «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының дирижері, Н. Тілендиев атындағы «Өз елім» ІІІ республикалық фестивалінің «дирижерлеу» номинациясы бойынша гран-при және Астана қаласы әкімінің кубогы иегері, Қеңес Одағының халық әртісі Мұқан Төлебаев атындағы «Алтын таяқша» атты V халықаралық дирижерлер байқауының жеңімпазы, «Құрмет» ордені иегері Руслан Баймурзин өнер көрсетеді.