Павлодарда жаңа көпірдің құрылысы қандай сатыда?
Жұмыстар үш жылдың ішінде аяқталуы тиіс, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Нариман Омардың айтуынша, Ертіс арқылы өтетін жаңа көпірдің құрылысы жалғасуда. Жоба бойынша мердігер – BIGroup– «Казахдорстрой» ЖШС.
– Бүгінгі таңда 53 техника мен 180-нен астам жұмысшы жұмылдырылды. №1 және 6 көпір тіректерін бұрғылау жұмыстары жүргізілуде. Уақытша понтон көпірі салынды, – деді Нариман Омар.
Оның сөзінше, жұмыстардың қарқыны артқан сайын жұмыскерлердің саны да өседі.
– Мердігер жұмыстарды 2027 жылы аяқтауды жоспарлайды. Алайда жоба қаржыға тікелей байланысты болғандықтан, технологиялық жағынан күрделі болып келеді, – деді Нариман Омар.
Еске сала кетейік, жобаның құны – 38,8 миллиард теңге, көпірдің ұзындығы – 690 метр, автожолдардың ұзындығы – 2025 метр. Құрылысты іске асыру кезеңі – 2023-2027 жыл. Бұған дейін мердігерлер аманаттықтардан құрылыс материалдары бағасының өсуіне байланысты қаржы көлемін ұлғайтуды сұраған болатын.