Павлодар облысында тұрғындар сапалы ауызсумен толық қамтамасыз етілмек

Павлодар облысында тұрғындар сапалы ауызсумен толық қамтамасыз етілмек
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

2025 жылға қойылған мақсат – ауылдар мен қалаларды жүз пайыз сумен қамту, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыс әкімі Асайын Байханов өңірде сумен жабдықтау және су бұру жүйелері қарқынды жүргізілуде екенін мәлім етті. Бұл салада қалаларда жалпы құны 16 миллиард теңгеден асатын 13 жоба, аудандарда бес жоба жүзеге асырылды.  

– Біз қала тұрғындарының сумен жабдықтауға қолжетімділігін 97-ден 98,5 пайызға дейін арттырдық. Ал ауыл тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету көрсеткіші 99,3 пайызға дейін көтерілді. Келесі жылы жүз пайызға қол жеткізуді жоспарлап отырмыз, – деді Асайын Байхнов.

Ағымдағы жылы сумен жабдықтау жобалары Павлодар ауданындағы Қаракөл ауылында, Баянауыл ауданының Жалғызқайың, Күркелi және Сәтбаев ауылдарында, Ақтоғай ауданының Барлыбай ауылында, Железин ауданындағы Есқара және Успен ауданының Қаратай ауылдарында жүзеге асырылды.

Сондай-ақ әкім жылу желілерінің тозуы 0,8 пайызға төмендегенін айтты. Осындай оң нәтиже Ақсу қаласында көбірек байқалады.

– Облыстың инженерлік инфрақұрылымының әбден тозығы жеткен. Сондықтан бұл мәселені шешу, желілерді жаңарту және энергия көздерін дамыту күнделікті жұмыс болып табылады. Жыл сайынғы жөндеу науқанын үш қаланың тәуелсіз жылу-техникалық аудитінің қорытындысы және жүргізіліп жатқан гидравликалық сынақтар негізінде ұйымдастырдық, – деп қосты әкім.

Ағымдағы жылыту маусымына дайындық үшін 25 миллиард теңгеге жуық қаражатқа 31 шақырымнан астам жылу желілері жөнделді.

Ұзындығы тоғыз шақырым төрт жаңа жылу магистралі және 19,3 шақырым желі жөнделді. Бұл коммуникациялардағы апаттар қаупін азайтуға мүмкіндік берді, бірақ айтарлықтай көлемдегі жөндеулер мен қайта құру жұмыстары әлі де аяқталуы керек.