Павлодарда жолдағы шұңқырлар арнайы құралмен өлшенеді

Павлодарда жолдағы шұңқырлар арнайы құралмен өлшенеді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Инспекторлар күн сайын көшелердің жағдайын, жол белгілері мен бағдаршамдарды тексереді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол-техникалық инспекция қызметкерлері көлік қозғалысы қарқын алғанға дейін қаланың көше-жол желісін тексереді.

Мамандар жөндеу жұмыстары кезінде талаптардың сақталуын, жол белгілері мен бағдаршамдардың дұрыс орнатылуын бақылайды. Анықталған жол ақауларын жою бойынша тиісті нұсқамалар береді.

– Біздің басты міндетіміз – жолдарды тиісті деңгейде күтіп ұстау арқылы жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Жолдарды күтіп ұстау бойынша кешенді шараларға жол төсеміндегі ақауларды жою, жол белгілерін орнату, жол жиектерін тазалау, қар мен көктайғақты тазарту жұмыстары жатады. Мұның барлығы көліктің қауіпсіз әрі үздіксіз қозғалысын қамтамасыз етуге және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған, – деді Әкімшілік полиция басқармасының аға мемлекеттік автоинспекторы Сұлтан Жүнісов.

Инспекторлар жолдағы шұңқырлардың көлемін арнайы жол рейкасының көмегімен өлшейді. Құрал ақаудың ұзындығын, енін және тереңдігін анықтауға мүмкіндік береді.

– Соңғы жылдары көлік саны айтарлықтай артты. Сонымен қатар автокөліктердің жүк көтергіштігі мен жол төсеміне түсетін салмақ көбейді. Соның салдарынан жолдарда шұңқырлар, ойықтар, жол ойыстары мен шөгу жағдайлары пайда болады. Әрбір анықталған ақау міндетті түрде фотоға түсіріледі. Егер шұңқырдың көлемі мемлекеттік стандартта белгіленген нормативтік талаптардан асып кетсе, жолдың меншік иесіне ақауды жою туралы нұсқама беріледі, – деді Әкімшілік полиция басқармасының мемлекеттік автоинспекторы Асхатбек Омаров.

Жол-техникалық инспекция жол қозғалысын ұйымдастыруды жетілдіру және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы тексерулерді тұрақты түрде жүргізеді.