Сарапшы Павлодардағы жылу бойынша екі үлкен проблеманы атады
Қалада алдағы бес жылда жылу тапшылығы болмайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Баспасөз жиынында «Севказэнергопром» ЖШС басшысы Владимир Пешков мекемелері бұрыннан Павлодар қаласының жылу желілері схемасымен айналысатынын атап өтті. Қаланың жылу желілеріне жүргізілген аудит кезінде құбырдың жылу өткізу қабілетін және жүктемені қабылдау мүмкіндігін бағалаған.
Владимир Пешков қазіргі уақытта қалада жылу бойынша екі үлкен проблема бар екенін айтты.
– Біріншісі – қарқынды құрылыс жүргізу. Ол қала ішінде бейберекет салынып жатқан құрылыстар мен жаңа шағын аудандардың салынуы. Соңғы уақытта «Сарыарқа», «Достық», «Спорт сити», «Жастар» шағын аудандары қосылуда. Ал, құбырлардың диаметрі тиісті деңгейде жылу жеткізуге жеткілікті емес, – деді Владимир Пешков.
Сарапшы соңғы екі қыста қатты суық болмағандықтан тұрғындар ештеңе жылу бойынша мәселені сезбегінін айтты.
Тағы бір мәселе – магистральдік желілердің тозуы. Дегенмен, сарапшының айтуынша, соңғы жылдары магистральдік желілер бойынша үлкен жұмыстар атқарылуда.
– Мысалы, 42-ЖМ мен 43-ЖМ салынды. Бұл Саяжай, Усолка шағын аудандарындағы мәселені шешті. Бірақ ол жақтағы жылудың тұрақтылығына қатысты әлі де сұрақтар бар. Қалада соңғы 5 жылда үлкен жұмыстар ақтарылды. Кривенко көшесінде 31-ЖМ, қаланың орталығында 5-ЖМ, 3-ЖЭО жақта 22А-ЖМ салынды, – деді Владимир Пешков.
Сондай-ақ Владимир Пешков жол картасы бойынша қаланың оңтүстік бөлігінде 11 км кавартішілік желілерді ауыстыру жоспарланғанын атап өтті. Ломов көшесінде ол жұмыстар басталды. Мұнда квартішілік желілер тозған және қажетті жылу өткізуге қабілетсіз.
– Жалпы бұл жұмыстар өте қымбат тұрады. Мысалы, 800 милиметрлік магистральдік құбырдың 1 шақырымын ауыстыруға 1 миллиард теңге қажет. Сонда қаншама қаражат керек. Биылғы жоспарланған жұмыстар да ауқымды деп ойлаймын. Осы қарқынды ұстайтын болса нәтижесінде желі айтарлықтай жақсарады, – деді Владимир Пешков.
Жиында Павлодар облысы энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Ержан Салханов өткен жылыту маусымында жылу жетіспеушілігі болмағанын айтты. Шағымдар аз мөлшерде түскен.
– Бұл 42-ЖМ салудың арқасында болған шығар. Алдағы уақыттарда қаланың оңтүстік бөлігінде жылу жетіспеушілігі болады деп жоспарлап отырмыз. Сондықтан ERG компаниясымен келісіп, олар №8 бойлерлік қондырғыны жаңартатын болды. Ол қосымша 118 гигкалорий жылу береді. Жұмысы биыл басталып, биыл бітеді. Осы жобаны жүзеге асыру арқылы әзірге алдағы 5 жылда жылу жетіспеушілігі болмайды деп жоспарлануда, – деді Ержан Салханов.
Айта кетейік, биыл Павлодар облысында жылу беретін кәсіпорындарда 40 негізгі құрылғыны жөндеу жоспарланған. Оған 12 энергоблок, 19 қазандық, 6 трубина, 3 түтін мұржасы кіреді.
Фото: Константин Шелков және ӨКҚ