Ертіс ауданында салынып жатқан бассейнді ертерек аяқтау тапсырылды

Құрылыс жұмыстары сәуір айында басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Ертіс ауданына жұмыс сапарымен барып, аудан орталығында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынып жатқан бассейннің құрылыс жұмыстарымен танысты.
– Павлодардан бетон және бетон араластырғыштар әкелдік. Маусым айының соңына дейін іргетасты қалау, құю жұмыстары аяқталады. Қазіргі күні металл конструкцияларына тапсырыс беріп қойдық. Сондай-ақ, металл прокатын толығымен сатып алдық және ғимараттың қаңқасына металл конструкциясын дайындап жатырмыз. Яғни, маусым айында ғимараттың қаңқасы дайын болады, – дейді «Промжилстройкомлекс» ЖШС мердігер компаниясының директоры Виталий Овцынов.
15 сәуірде басталған құрылыс жұмыстары 2026 жылдың желтоқсан айында аяқталады деп күтілуде. Ауқымды жобаға 832 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген.
Мердігерлер биылғы жылы ғимаратты көтеруді, оған жылу беруді, әрлеуді бастауды және аумақты абаттандыруды жоспарлап отыр.
– Құрылыс жұмыстарын биыл аяқтауға тырысайық. Ертіс ауданында мұндай құрылыстар жылда болып жатқан. Ауқымды, әлеуметтік салаға, әсіресе балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өте маңызды жоба. Сондықтан аудан әкіміне жобаға жиі-жиі келіп, мердігермен тығыз байланыста болып, қандай да болсын сұрақтар туындайтын болса, оларды түскен күнде шешуді тапсырамын, – деді облыс әкімі Асайын Байханов.
Спорт басқармасында бүгінгі күні екі спортшыны жаттықтырушы ретінде дуалды оқыту арқылы оқытуды көздеп отырғандарын атап өтті.
Айта кетейік, биыл сәуір айында Ертіс ауданынан бөлек Успен және Май аудандарында бассейндер құрылысы басталды.