Павлодар облыстық құрылыс басқармасына жаңа басшы келді
Бұған дейін ол қалалық бөлімде басшылық еткен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық әкімдікте өткен аппараттық жиналыс барысында облыс әкімі Асайын Байханов құрылыс басқармасының жаңа басшысын таныстырды.
– Менің өкіміме сәйкес Ажмұрат Асқар Қадырұлы облыстық құрылыс басқармасының басшысы болып тағайындалды, – деді облыс әкімі.
Асқар Ажмұрат 1976 жылы туған. Ол С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін «Инженер-құрылысшы-технолог» мамандығы бойынша аяқтаған. Еңбек жолын 1999 жылы Павлодар фармацевтика зауытында жабдықтау жөніндегі менеджер болып бастаған.
Жаңа басшы тағайындалуға дейін Павлодар қаласы құрылыс бөлімі басшысының қызметін атқарған. Мемлекеттік қызмет өтілі 14 жылды құрайды.