Павлодарда студенттік жатақхананың тұрғындары эвакуацияланды

Павлодарда студенттік жатақхананың тұрғындары эвакуацияланды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ғимаратта ауқымды өрт-тактикалық оқу-жаттығу өткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өрт-тактикалық оқу-жаттығу «Музыкалық колледж – дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернаты кешенінің» жатақханасында өтті.

Жаттығу жоспарына сәйкес, түнгі уақытта бесінші қабаттағы мәжіліс залында қысқа тұйықталу салдарынан шартты өрт шықты. Қалың түтін ғимаратқа таралып, өрт шатырға дейін жетті. Осыған байланысты жатақханада тұратын студенттер эвакуацияланды.

– Оқу-жаттығуға жеке құрамнан 30 қызметкер, 10 техника бірлігі, газ-түтіннен қорғау қызметінің бөлімшелері, автосатылар мен авариялық-құтқару жабдықтары жұмылдырылды. Сондай-ақ шараға жедел жәрдем, полиция және қалалық коммуналдық қызметтер қатысты, – деп мәлімдеді облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Өрт сөндірушілер шартты өрт ошағын барлап, сөндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, «зардап шеккендерді» қауіпсіз жерге эвакуациялау бойынша әрекеттер пысықталды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, оқу-жаттығу барысында жеке құрамның жоғары дайындық деңгейі байқалып, жатақхана тұрғындарын жедел эвакуациялауға толық дайындық көрсетілді. Сонымен қатар, төтенше жағдайда ескерту жүйелерінің, ішкі өртке қарсы сумен жабдықтау желісінің және колледж әкімшілігінің іс-әрекет алгоритмдерінің тиімділігі тексерілді.