Тереңкөл ауданында форма киген кішкентай полицей туған ауылын күзетеді

Тимофей Столбовтың жасы – тоғызда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Алтай ауылында тұратын жеткіншек жаз бойы жергілікті учаскелік полицияға қоғамдық тәртіпті сақтауға көмектеседі. Ол таңертең ерте тұрып, анасы тігіп берген полиция формасын киіп, велосипедке мініп, жұмысына кіріседі. Тереңкөл ауданының учаскелік инспекторы, майор Рустам Иманбаевқа жәрдемдеседі.
– Тимофей мектептің, дүкеннің, поштаның аумағын аралап, көршілердің жағдайын біледі, Саша ағайдың қаздары қайтадан шу шығара ма, жоқ па екенін тексереді, – дейді департаментте.
Ол түскі ас кезінде үйге үзіліске келіп, түстен кейін екінші ауысымға шығады. Ата-әжелерге жолдан өтуге көмектеседі, жүргізушілердің қозғалысын басқарады, көшедегі тентек ұлдарға қатаң ескерту жасайды.