Павлодар облысында жүк пойызы қараусыз жүрген малды қағып кетті

Павлодар облысында жүк пойызы қараусыз жүрген малды қағып кетті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Пойыз 18 минут тұруға мәжбүр болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

10 сәуірде «Ақсу-2 – Құлакөл» станцияларының аралығында жүк пойызы iрі қара малды қағып кетті. Салдарынан пойыз шұғыл тежеуге мәжбүр болып, 18 минутқа тоқтап қалды. 

– Жедел іздестіру іс-шаралары барысында Ақсу станциясындағы желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлері малдың иесін анықтады. Ол Қаратерек ауылының 50 жастағы тұрғыны болып шықты. Аталған факті бойынша мал иесіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 559-бабының 1-бөлігіне сәйкес теміржолдардың бөлінген жолағында мал жаю қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды, – деді Ақсу қаласының әкімдігінде. 

Айта кетейік, желілік полиция бөлімінің қызметкерлері қараусыз қалған үй жануарларының темір жолдарға шығуын болдырмау мақсатында алдын алу жұмыстарын ұдайы жүргізуде.