Қазақстанда жаңа оқу жылында төрт миллионнан астам оқушы мектепке барады
Олардың 400 мыңға жуығы бірінші сыныпқа қабылданады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бүгінде елімізде 8 048 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Бұл 2024-2025 оқу жылындағы 7 920 мектеппен салыстырғанда 1,6 пайызға көп.
2026 жылғы қаңтар-шілде аралығында Қазақстанда жалпы сыйымдылығы 18 090 оқушыға арналған 32 мектеп пайдалануға берілді. Оның 14-і ауылдық жерлерде орналасқан.
Сондай-ақ осы кезеңде 4 207 орынға арналған 32 мектепке дейінгі ұйым ашылды. Олардың 26-сы ауылдық елді мекендерде орналасқан.
Жеті айда ең көп мектеп Түркістан және Атырау облыстарында пайдалануға берілді – әр өңірде бес білім ордасынан ашылған. Ақтөбе, Алматы және Қарағанды облыстарында үш мектептен, Жамбыл облысы мен Алматы және Шымкент қалаларында екі мектептен іске қосылды.
Бұдан бөлек, жыл басынан бері тоғыз оқу орталығы пайдалануға берілді. Оның үшеуі Қызылорда облысында, екеуден Шымкент қаласы мен Атырау облысында, бір-бірден Алматы және Жамбыл облыстарында орналасқан.
Алматы қаласында ауданы 10,6 мың шаршы метрден асатын балалар шығармашылығы орталығы, Абай облысында 9,8 мың шаршы метрден асатын оқушылар сарайы пайдалануға берілді.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2026-2027 оқу жылында мектептерге 4,1 миллионнан астам бала қабылдау жоспарланып отыр. Олардың 380 мыңнан астамы алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды.
Салыстыру үшін, 2025-2026 оқу жылында еліміздің мектептерінде 3,9 миллионнан астам оқушы білім алды. Оның ішінде 363 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барған.