Қасым-Жомарт Тоқаев: ЖИ технологиясын экономиканың барлық саласына енгізу қажет
Алматыда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің екінші отырысы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы жиында сөйлеген сөзінде әлем технологиялық трансформацияның мүлдем жаңа кезеңіне қадам басқанына назар аударды.
Президенттің айтуынша, қазіргі өзгерістер XIX-XX ғасырлардағы индустриялық революциямен салыстыруға келмейді. Өйткені оның жылдамдығы мен ауқымдылығы соншалық, физикалық болмыс пен цифрлық кеңістік арасындағы шекара жойылып барады.
– Жасанды интеллект жаһандық экономиканың басты арқауы, ал үлкен деректер қоры аса маңызды ресурс санала б астады. Сондықтан Қазақстан жасанды интеллектіні аса маңызды стратегиялық бағыт ретінде қарастырады. Алдымызға Қазақстанды заманауи цифрлық мемлекетке айналдыру жөнінде өршіл мақсат қойдық. Тиісті институционалдық алғышарттар мен базалық инфрақұрылым қалыптасты. Енді жасанды интеллект технологиясын экономиканың барлық саласына енгізуіміз қажет. Бұл ретте «технологиялық сақтық шараларын» басшылыққа алып, ұлттық мүддені де ұмытпаған жөн, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Үкіметке цифрлық экономиканың ІЖӨ-ге әсерін бағалау бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымдауынша, жаңа технологиялық парадигмаға көшу үшін қазіргі жағдайға объективті, шынайы баға беру қажет.
– Цифрлық экономика туралы тұжырымдама әлі толық жасақталмаған, қолданыстағы әдістеме бір ізге түспеген. Ішкі жалпы өнімді бес пайызға жеткізу туралы айтқанда, нақты экономика секторындағы өсім мен инновация нәтижесіндегі табыстың ара жігін ажырата білу керек. Жалпылама көрсеткіштер көбіне жұмыстың тиімділігін емес, алдамшы көрініс қалыптастырып жатады. Сондықтан бұл цифрландыру мен жасанды интеллектінің ел экономикасына қосқан нақты үлесін бағалауға мүмкіндік бермейді. Үкімет Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, цифрлық экономиканың ІЖӨ-ге әсерін бағалау бойынша ұсыныстар енгізгені жөн, – деді Президент.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы ЖИ тиімді қолдану үшін деректерге бағдарланған басқару моделін енгізу керектігін атап өтіп, Цифрлық теңгені кеңінен қолдану шын мәнінде «ойын ережесін» өзгертетінін мәлім етті.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» жобасын мұқият пысықтауды тапсырды. Әрі жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің келесі отырысында жасанды интеллектіні өнеркәсіпке енгізу мәселесін қарастыруды ұсынды.