Асайын Байханов Ертіс туралы: «Сусыз қалмаймыз»
2020 жылдан Ертіс өзенінде судың азаюы сезілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі Асайын Байхановтың төрағалығымен өткен Экологиялық кеңес отырысында су ресурстарын қорғау және тиімді пайдалану, сондай-ақ балық шаруашылығын дамыту мәселелері қарастырылды.
Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Айгерім Қабылтаева айтып өткендей, судың тапшылығы жоқ, су қоры экономиканың барлық саласына жеткілікті.
Билогиялық ғылымдарының кандидаты Виктор Камкин болса, бұл пікірмен келіспейді. Оның айтуынша, су жіберу деңгейінің азаюы Ертіс алқабы өсімдік әлеміне кері әсерін тигізуде. Ол мал азығының 95 проценті Ертіс алқабында өндірілетінін ескерді.
- Соңғы төрт жылда су жіберу көлемінің азаюын көріп отырмыз. 2012 жылы алқап небары бес процентке, биыл 30 проценттен сәл асты, бұл да жақсы көрсеткіш емес. Кеше ғана Ертіс алқабына барып, ондағы өсімдік күйінің нашарлағанын өз көзіммен көрдім, - деді Виктор Камкин.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілі Сәуле Шалмағамбетова биыл су жіберу көлемінің неліктен азайғанын түсіндірді.
- Басында 4,5 млрд текше метр су жіберіледі деп жоспарлаған едік. Алайда Бұқтырма су қоймасында небары 24 млрд текше метр су жиналғаны себепті суды толық мөлшерде жібере алмадық. Олай болғанда Бұқтырма ГЭС жұмысына нұқсан келетін еді. Сондықтан Үбі мен Үлбі өзендерінің көлемімен шектелуге тура келді, - дейді Сәуле Шалмағамбетова.
Құқық қорғаушы Юрий Павленконың пікірінше, 2023 жылы Қытай Ертіс суын толығымен алып қойып, төменгі ағыста жатқан Қазақстанды сусыз қалдырмақ ниетте. Өңір басшысы бұл пікірге үзілді-кесілді қарсылық білдірді.
- Ертіс суының небары 23 проценті Қытайда, 77 проценті Қазақстанда жиналады, - деді Асайын Байханов. – Сондықтан, біз сусыз қаламыз деу – қателік. Бүгінде Ертістен су алатын бірде-бір елді мекен, шаруа немесе су құбыры сусыз қалған жоқ. Бізде 112 мың гектар суармалы алқаптарымыз бар – олардың барлығын су бар. Бұл туралы бар жауапкершілікпен мәлімдеймін.
Естеріңізде болса, Ертістегі су жіберу көлемінің азаюы Май және Аққулы аудандарындағы алқаптарға нұқсан келтірген. Зардап шеккен аудандар шаруаларына көмек көрсетудің әртүрлі амалдары қарастырылуда. Мысалы, жем-шөп сатып алу субсидиялануы мүмкін. Бұрын шабылмаған жайылымдарда шөп шабу да көзделуде.
Фото: Константин Шелков