Павлодар облысында орман өрттерін жасырғандар жазаланды
Биыл комитет сегіз тексеру жұмысын жүргізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде биыл орман өрттеріне қатысты бірнеше заңбұзушылық анықталып, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы тарапынан сегіз қызметтік тексеру өткізілді. Сонымен қатар, Баянауыл ұлттық табиғи паркінде тіркелген өрт фактісі бойынша комитеттің арнайы комиссиясы жеке тергеу жүргізді.
Тексеру нәтижесінде Максим Горький орман шаруашылығында 6,1 гектар аумақтағы өрттің жасырылғаны белгілі болды. Осы дерек бойынша орман шебері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал инспекцияның қызметтік тергеулері қорытындысында сегіз лауазымды тұлғаға тәртіптік шара қолданылғаны хабарланды.
– Бірқатар ұйымдарда өрт қауіпсіздігі талаптары сақталмағаны анықталды. Осыған байланысты тиісті әкімшілік және тәртіптік шаралар қабылданды, – деді облыстық облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Оразбек Уәлиханов.
Биыл өрт қауіпті маусымға тиісінше дайындық жүргізбегені үшін төрт орман мекемесі де әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оларға 660 мыңнан астам теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар табиғат қорғау және орман шаруашылығы ұйымдарының қызметкерлеріне бір миллион 100 мың теңгеден астам айыппұл рәсімделді.
Еске сала кетейік, облыста найзағай салдарынан орман өрттерінің саны көбейді. Бұл көрсеткіш 80 пайыздан асты.