«Ауыл аманаты»: Павлодар облысында 500-ден астам тұрақты жұмыс орны пайда болады
2024 жылға арналған өңірлік жұмыспен қамту картасы құрылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Гауһар Байтілесова мәлім етті.
Кәсіпкерлік бастамаларды қолдау мақсатында жастарыға жылдық 2,5 пайызбен жалпы сомасы 820 миллион теңгеге 164 шағын несие беру жоспарлануда. Аграрлық кредиттік корпорация арқылы халықтың әлеуметтік осал топтары санаты үшін бизнес-идеяны іске асыруға 400 АЕК-ке дейінгі мөлшердегі 443 грант ұсынылады, бұл шамамен бір миллион 476 мың теңгені құрайды.
– Ауыл шаруашылығы желісі бойынша «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде 560 тұрақты жұмыс орнын ашумен жастарға 285 шағын несие беру қарастырылған. Өткен жылмен салыстырғанда болжамды көрсеткіш 1,4 мың адамға ұлғайды. Жоспарлы көрсеткіштер келісілді. Лимиттер қалалар мен аудандардың әкімшілері мен әкімдіктеріне жеткізілді, – деді Гауһар Байтілесова.
Оның айтуынша, барлық инфрақұрылымдық жобалар саны – 199, бүгінгі күні электрондық еңбек биржасында орналастырылған. Жобаларды іске асыру ағымдағы жылдың наурыз айында басталады.
Мемлекеттік және жеке жобалар шеңберінде 26 мың жұмыс орнын құру жоспарланған, оның ішінде тұрақты орын – 18,9 мың. Бұл – жоспардың 71%. Инфрақұрылымдық жобаларға 1467 адамды, оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына 372 адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда.
Мемлекет басшысының «100 жаңа жұмыс орны» бастамасы аясында 10 мың тұрғынға 7436 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр. Бос жұмыс орындарына 9958 адам, сондай-ақ субсидияланған жұмыс орындарына 6617 адам жұмысқа орналасады.
Өңірлік жұмыспен қамту картасын іске асыру барысы басқарманың тұрақты бақылауында болады және облыс әкімдігінің аппараттық кеңесіне тоқсан сайын шығарылатын болады.
– Мемлекет басшысының мансап орталықтарын жаңғыртуды аяқтау туралы тапсырмасын орындау үшін акционерлік қоғам еңбек ресурстарын дамыту орталығымен әрбір жұмысқа орналастырылған жұмыссыз азамат үшін мансап орталықтары қызметкерлерінің еңбегіне балдық ақы төлеу жүйесі әзірленеді. Бұл тетікті пилоттық жобаға ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап Түркістан, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарының мансап орталықтарында енгізу жоспарлануда. Бұл жүйені енгізу жұмысты жақсартуға және еңбек ынтымақтастығы бойынша көрсетілетін қызметтердің сапасын 20-25% - ға арттыруға мүмкіндік береді, – дейді Гауһар Байтілесова.
Еске сала кетейік, жалпы ағымдағы жаңа екі мектепке 345 жұмыскерді тарту көзделіп отыр.