Павлодарлық құтқарушылар Крещение кезіндегі сақтық шараларын еске салды

Павлодарлық құтқарушылар  Крещение кезіндегі сақтық шараларын еске салды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Рұқсат етілмеген жерде суға түскендерге жаза қолданылатын болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық ТЖД бастығының м.а. азаматтық қорғау полковнигі Қайрат Шаймарденов мәлім етті.

– Жыл сайын 19 қаңтарда бүкіл православие халқы «Крещение Господне» мерекесінде шомылдыру рәсімін атап өтеді. Биыл 14 орын белгіленді. Аққулы, Май және Успен аудандарында шомылу орындары жоспарланбайды, қалған аудандар мен қалаларда мұзойықтар жабдықталады,– деді ол. 

Оның сөзінше, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ТЖД қызметкерлері  жергілікті атқарушы органдары және медициналық бригадалармен бірлесіп, барлық жабдықталған орындарда кезекшілікке шығады. Облыс аумағында ТЖД-тен барлығы 101 қызметкер мен 24 техника кезекшілік етеді. Су айдындарында адамдардың қаза болуына жол бермеу мақсатында полиция департаментімен бірлесе отырып, рұқсат етілмеген орындарды анықтау үшін рейд жұмыстары ұйымдастырылады. 

– Рұқсат етілмеген орындарда шомылу бойынша жергілікті полиция қызметі әкімшілік сипаттағы қатаң шаралар қабылдайды,– деді Қайрат Шаймарденов.

Былтыр өңірде 3800 адам мұзойыққа түскен, оның ішінде 280 бала шомылуға барған. Құтқарушылар ең бастысы рұқсат етілген жерлерде шомылу керек екенін айтады. 

– Жүрегі әлсіз, қан қысымы жоғары адамдар түсердің алдында міндетті түрде дәрігерден нұсқау алу керек. Шомылудың алдында денесін қыздырып алу қажет. Бірінші рет түсетіндер құтқарушыларға оны ескертіп, айту тиіс. Мұзды судан шыққан тұрғындар денесін құрғақ орамалмен сүртіп, ыстық шай ішуге кеңес беріледі. Мас күйінде шомылуға тыйым салынады,– деді облыстық ТЖД «Өрт сөндіру қызметі және авариялық құтқару жұмыстары»  ММ Жедел-құтқару жасағы басшысының орынбасары Серік Шериязданов .

Оның сөзінше, арнайы қойылған купельдерде тереңдігі 1,70 сантиметр. Былтыр мас күйінде болған адам купельге секіріп, аяғын ауыртып алған. Сол себептен шомылу ережелерін қатаң  сақтау керек.