Қоқыс мәселесін кешенді шешу: Павлодар облысы жаңа экологиялық жобаларды бастады
Өңірде сұрыптау зауыты мен төрт полигон салынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында экологиялық инфрақұрылымды жетілдіру және қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу саласын дамыту мақсатында бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Бұл туралы облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Сағын Төлеутаев хабарлады.
– Биыл өңірде 241 заңсыз қоқыс полигоны анықталып, олардың барлығы жойылды. Жалпы, облыс аумағында 321 тұрмыстық қалдық полигоны бар, алайда тек қаладағы үш нысан ғана экологиялық талаптарға сай келеді, – деді ол.
Басқарма басшысының айтуынша, 2025-2027 жылдарға арналған табиғатты қорғау іс-шаралары жоспарына сәйкес, Тереңкөл, Ертіс, Баянауыл және Майқайың елді мекендерінде жаңа полигон салуға арналған жобалық-сметалық құжаттар дайындалды. Әр жобаның құны шамамен 1 миллиард теңгеден асады.
– Әр ауылдық округке жеке полигон салу – тиімсіз. Мысалы, халқы екі жүз адам болатын ауылға қалалық деңгейдегі талаптар қойылады. Бұл экономикалық жағынан тиімсіз және негізсіз. Сол себепті біз Мәжіліс депутаттарымен бірге шағын елді мекендерге қойылатын экологиялық талаптарды жеңілдету бойынша ұсыныстар енгіздік, – деді Сағын Төлеутаев.
Ол сондай-ақ өңірдің басты қалаларында қалдықтарды өңдеу инфрақұрылымын жетілдіру бағытында жұмыстар жүріп жатқанын айтты.
Павлодар қаласында «Жасыл даму» АҚ қаржысы есебінен қоқыс сұрыптау зауытының құрылысы басталды. Қазір қажетті техника мен құрал-жабдықтарды сатып алу жүріп жатыр. Келесі жылы зауыт толық іске қосылады деп жоспарлануда.
– Сонымен қатар, облыс әкімдігі мен «Жасыл Даму» АҚ бірлесіп пластик, макулатура және аккумулятор батареяларын өңдейтін кәсіпорындар салуды көздейтін жобалар пулын әзірледі, – деді басқарма басшысы.
Сағын Төлеутаев атап өткендей, бұл бастамалар аймақтағы экологиялық ахуалды жақсартуға және қалдықтарды қайта өңдеу үлесін арттыруға мүмкіндік береді.