Павлодарда сот зейнеткердің зейнетақы төлемдерін қалпына келтірді

Павлодарда сот зейнеткердің зейнетақы төлемдерін қалпына келтірді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ол бір жарым жыл уақыт бойы зейнетақы алмаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, О. есімді әйел азамат 8 жылдан астам уақыт бойы жасына байланысты және базалық зейнетақы төлемін алып келген. Алайда Қазақстан азаматтығынан шыққаны және кейін дұрыс емес мәліметтер ұсынғаны себепті төлемдер тоқтатылған. Ол сотқа жүгініп, барлық индексацияны ескере отырып бұрынғы зейнетақы сомаларын қалпына келтіруді талап етті.

Бірінші сатыдағы сот департаменттің зейнетақы төлемдерін тоқтату туралы шешімдерін заңсыз деп танып, оларды жойды. Сондай-ақ мемлекеттік органға 2023 жылдың 11 қыркүйегінен бастап 2025 жылдың 1 наурызына дейінгі аралықта төлемдерді индексацияны ескере отырып жаңғырту жөнінде шешім қабылдауға міндеттеді.

Апелляциялық сот алқасы бірінші сатыдағы шешімді өзгеріссіз қалдырды. Сот департаменттің шешім қабылдау барысында зейнеткерге өз ұстанымын білдіруге мүмкіндік бермегенін анықтады. Бұл жағдай Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 73-бабына қайшы келетіні көрсетілді.

Сот сондай-ақ зейнеткердің 1985 жылдан бастап Қазақстанда тұрақты жұмыс істегенін, зейнетақы қорына жарналар аударып келгенін және өзге елдерден зейнетақы алмайтынын назарға алды.

Қаулы заңды күшіне енді.