Павлодар ауданында көкөніс жинау қарқын алды

Картоп егіс алқабында шамамен 100 теңгеден сатылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар ауданында көкөніс жинау жұмыстары жалғасуда. Бұл туралы аудан әкімінің орынбасары Хамза Оралбек хабарлады.
– Аудан бойынша барлығы 6,5 мың гектар жерге картоп егілді. Бүгінгі күні оның 1,4 мың гектарынан өнім алынып, 35 мың тонна картоп жиналды. Бұл көрсеткіш өткен жылғы деңгеймен шамалас. Дегенмен биыл шаруалар науқанға ертерек кірісіп, өткен жылға қарағанда 200-300 гектар артық алқаптан өнім алды, – деді ол.
Әкім орынбасарының айтуынша, қазіргі кезде картоптың шаруашылықтағы сату бағасы шамамен 100 теңге/кг.
– Күніне сатылатын көлем ауа райына байланысты, кейде бір-ақ жүк көлігі жөнелтілсе, кейде 15-ке дейін машина тиеліп жіберіледі, – деп нақтылады Хамза Оралбек.
Басқа көкөністер бойынша аудан көлемінде 3,3 мың гектар жерге егін егілген. Соның 1,3 мың гектарынан өнім жиналып, барлығы 32,5 мың тонна көкөніс алынды. Егіс құрылымында негізінен сәбіз – 2,9 мың гектар. Сондай-ақ қызылша, қырыққабат және өзге де дақылдар бар. Қазіргі уақытта ауданда сәбіздің 20-ға жуық сорты өсірілуде.
Жиналған өнімді сақтау ісіне де көңіл бөлінуде.
– Өнімді уақытылы кептіру ауа райына тәуелді. Қолайлы күндері шаруалар бірнеше кешенді техникамен қатар жұмыс істеп, картоп пен көкөністі қоймаларға дайындайды, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Айта кетейік, жалпы Павлодар облысында 31,26 мың гектар картоп егілген, бүгінге дейін оның 6,24 мың гектары жиналды. Ал басқа көкөністер 7,49 мың гектарға егілсе, қазіргі таңда 2,63 мың гектарынан өнім алынды.