Павлодар облысында жастар 2,5% мөлшерлемемен несие ала алады

Павлодар облысында жастар  2,5% мөлшерлемемен несие ала алады
Фото: Константин Шелков

Шағын несиелеу биылғы жылдың наурыз айынан бастап жүзеге асырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Павлодар облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Арман Заитов мәлім етті.

Конкурстық негізде өтетін шағын несиелеу кәсіпкерлік қызметті бастағысы келетін немесе кәсіпкерлікпен айналысып жүрген 21-35 жас аралығындағы жастарға арналған. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 2,5%-ды құрайды. Қарыз алушылар алатын ең жоғары сома – 5 млн теңге. Несие алу кезінде міндетті кепілмен қамтамасыз ету қарастырылған, – деді Арман Заитов.

Мал шаруашылығы саласындағы несиелеу мерзімі – 7 жыл, басқа салалар үшін – 5 жылға дейін.

Спикердің сөзінше, азаматтар несиеге өтінім берген кезде бизнес жоспарын ұсыну керек. Басты талаптар – жасы 35-тен аспау керек, кепілдемесі болу қажет және соңғы 2 жыл ішінде  несие тарихы таза болуы тиіс.

Айта кетейік,  биылғы жылы облыс бойынша 785 млн теңге бөлінді. Бұл кем дегенде 157 адамды микрокредитпен қамтуға мүмкіндік береді.