Павлодар облысы бағасы төмен өңірлер қатарында

Павлодар облысы бағасы төмен өңірлер қатарында
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бағаның көтерілуі екі ауданда ғана байқалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Апта сайын статистика органдарымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 позициясы бойынша баға индексін қалыптастырады. Бүгінгі таңда азық-түлік тауарларының 15 позициясы бойынша бағалар орташа республикалық мәндерден төмен, ал ұн, жұмыртқа, күріш, қарақұмық жармасы, күнбағыс майы, сүт, айран, картоп, сәбіз және қырыққабат бойынша Павлодар облысы ең төмен бағамен топ-5 өңірлерге кіреді. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппараттық отырыста айтылған болатын.

Кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Талғат Әнуарбеков нарықтағы бағаны ұстап тұру мақсатында Тұрақтандыру қорының тұрақты түрде толықтырылып жатқанын атап өтті. Қорының құрамында жалпы сомасы 2,2 миллиард теңгеге 12 түрі бойынша 10,7 мың тонна өнім бар.

Бұдан басқа, «Айналым схемасы» аясында нормадан аспайтын бағалар бойынша тауарлардың 13 түрін сату үшін «Низкоцен», «Техноснаб» және «Ирвема» сауда желілерге 433 миллион теңге берілді. Сондай-ақ, облыстың қалалары мен аудандарында апта сайынғы жәрмеңкелер өткізіліп жатыр.

Соған қарамастан, кейбір ауылдарда әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағалары жоғары.

– Облыстық орташа бағадан асып кетуі Ақтоғай мен Баянауыл аудандарында байқалды, осы аудандарда ең көп позициялардың қымбаттауын анықтадық. Ал қалған аудандарда орташа есеппен 4 позиция бойынша байқалды, – деп атап өтті Талғат Әнуарбеков.

Бірақ, өңір басшысы осы деректермен келіспеді.

– Осы кестеде тек Ақтоғай мен Баянауыл емес, басқа қалалар мен аудандарда да осы бағыттағы жұмыс баяу жүріп жатыр деп айтуға болады. Сондықтан үш қала мен он аудан әкімдері атқарылып жатқан жұмыс туралы және де қабылданған іс-әрекет, шешімдер бойынша жазбаша есептеме беруі қажет, – деді Асайын Байханов.

Естеріңізге салайық, қазіргі таңда қырыққабат бағасының көтерілу маусымы басталды. Облыс бойынша орамжапырақтың орташа бағасы 250 теңгені құрайды.