Екібастұздағы ферроқорыту зауытын салуда қиындықтар туындады
Бұл туралы компания өкілі облыс әкімімен кездесуде айтты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«EkibastuzFerroAlloys» ЖШС бас директоры Мадияр Данияров қуаттылығы бойынша зауыт жылына 240 мың тонна ферросилиций өндіретінін атап өтті. Барлық өнім экспортқа шығарылып, 50-ден астам елге таралады. Жобадағы жалпы инвестиция 92 млрд теңгені құрайды.
Зауыт Екібастұз қаласын кешенді дамыту бағдарламасы аясында салынуы тиіс. Құрылыс кезінде 1500-ден астам, зауыттың өзінде 800 тұрақты жұмыс орны пайда болады.
- Зауыт барлық халықаралық нормаларға сай болады. Әрі экологиялық тазалықты максималды түрде сақтайды. Бүгінге дейін үлкен жұмыс атқардық. Жер жұмыстары толықтай дерлік аяқталды. Негізгі ғимараттардың іргетасы салынды. Ғимараттардың темір құрылымдары салынуда. Қазіргі уақытта 50 миллиард теңгенің инвестициясы игерілді, - деді Мадияр Данияров.
Алайда, зауыт жобасы қиындықтарға тап болып отыр. ҚР электрэнергетикасы туралы заңына енгізілген инвестициялық өзгерістер бойынша 1 шілдеден бастап электрэнергиясына жаңа тариф шығады. Яғни, алдағы уақытта зауыт үшін электрэнергиясы қымбаттайды.
- Бұдан бөлек, заңда осы уақытқа дейінгі электрэнергиясын тұтыну бойынша жасалған келісімшарттарды бұзуға рұқсат етілген. Бұл зауытты салатын кезде электрэнергиясын өндіретін болғаны үшін Екібастұз таңдалған. Инвесторлар тасымалдауға кететін шығын, кадр тапшылығына қарамастан осында келген. Келісімшартты біржақты бұзу инвестор құқығын да бұзады. Біздің бір инвесторымыз Швейцарияның компаниясы. Оның құқығы халықаралық дәрежеде қорғалған, - деді Мадияр Данияров.
Мадияр Данияровтың айтуынша, зауыт жобасында шығынның 70% электрэнергиясына кетеді. Егер жаңа тарифпен жұмыс жасаса, зауыттың жалпы құны 2 есеге өсіп кетеді. Ал, зауыт салынбай қалуы мүмкін.
Сондықтан инвесторлар заңдағы өзгерістерді қайта қарастырып, осы уақытқа дейін жасалған келісімшартты сақтап қалуды сұрайды.
- Егер заңдағы өзгеріс бізге енгізілсе, онда зауытты қай жерге салса да бәрібір болып қалады. Онда біз Ақтауда салып, теңіз арқылы өнімдерді шығаратын едік, - деді Мадияр Данияров.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов бұл мәселе облыс деңгейінен жоғарғы орындарда шешілетін мәселе екенін айтты.
- Кеше ғана жаңа министр электрэнергия нарығын еркіндікке жіберу мәжбүрлі шара екенін айтып өтті. Бірақ бұрын жасалып қойған келісімшарттар да бар. Бұл ұсыныстарыңызды Үкіметпен талқылайтын боламыз, - деді Асайын Байханов.
Еске салайық, бұған дейін облыс әкімі инвесторлармен кездесіп, мәселелерін тыңдағанын хабарлаған болатынбыз.
Фото: Константин Шелков және Валерий Бугаев