Павлодар облысында жеке гигиена құралдары қаншалықты қымбаттады?

Павлодар облысында жеке гигиена құралдары қаншалықты қымбаттады?
Фото: pixabay.com

Былтыр үшінші тоқсанда өңірде бір үй шаруашылығы тазалық құралдарына 18,8 мың теңге жұмсаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Energyprom.kz сарапшыларының мәліметінше, 2024 жылдың үшінші тоқсанында Қазақстанда жеке гигиена құралдарына жұмсалған қаражат бір үй шаруашылығына орташа есеппен 19,9 мың теңгені құрады. Бұл – 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5,6%-ға көп.

Аталған тауарларға ең көп шығын Маңғыстау (бір үй шаруашылығына орта есеппен 28,2 мың теңге) және Атырау (26,9 мың теңге) облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында (25,6 мың теңге) тіркелді. Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары керісінше аз жұмсаған: бір үй шаруашылығына небәрі 13,6 мың теңге – 2023 жылдың үшінші тоқсанымен салыстырғанда 3%-ға көп. Шығыс өңірінің тұрғындарымен салыстырғанда Абай (14,5 мың теңге) және Ақмола (15,1 мың теңге) облыстарында біршама жоғары баға байқалды.

Ағымдағы жылдың қаңтар айының қорытындысы бойынша сектордағы бағаның өсуі жылдық мәнде 6%-ды құрады. Атап айтқанда, ұстаралар – 13,5%-ға, дәретхана сабындары – 9,5%-ға, қырыну көбігі мен гелі – 8,8%-ға, тіс щеткалары – 8,4%-ға, тіс пастасы – 7,6%-ға, дезодоранттар – 7,1%-ға, қол кремі мен душқа арналған гель – 6,6%-ға, балалар сабыны және шаш бояуы 6,5%, шампунь – 4,9%-ға, дәретхана қағазы – 4,8%-ға, балалар жаялықтары 3,7%-ға қымбаттады.  

Өңірлер бойынша мұндай тауарлар бағасының ең көп өсуін Солтүстік Қазақстан (9,8%-ға), Батыс Қазақстан (8,9%) және Маңғыстау (8,5%-ға) облыстарының тұрғындары сезінді. Ең аз баға өсімі Павлодар облысында тіркелді: бар болғаны 1,8%. Одан кейін Ұлытау, Жетісу және Абай өңірлерінде байқалады.