Елімізде дәнді дақылдар жинаудан рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді

Елімізде дәнді дақылдар жинаудан рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді
Фото: Константин Шелков

Сондай-ақ, егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Primeminister.kz  редакциясының мәліметінше, Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген қазақстандықтардың тұрмыс сапасын жақсартуға, еліміздің ұзақмерзімді әлеуметтік-экономикалық мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған негізгі басымдықтар мен шаралар бойынша жыл қорытындысына арналған шолулар топтамасын ұсынуды жалғастырады.

Ауыл шаруашылығы – экономиканың маңызды салаларының бірі. Бүгінде халықтың 37%-дан астамы ауылдық жерлерде тұрады, ал ауыл шаруашылығы өндірісінің даму деңгейі қазақстандықтардың көпшілігінің әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Еліміз кең байтақ аумағы мен қомақты ресурстарының болуы арқасында үлкен әлеуетке ие. Мемлекет жеңілдетілген қаржыландыру мен субсидиялар беру арқылы аталған секторды белсенді түрде қолдайды, сондай-ақ ауылшаруашылық техникасының өндірісі мен лизингі көлемінің өсуін ынталандырады. Аталған шараның барлығы өз нәтижесін беруде: биыл еліміздің дихандары дәнді дақылдар жинаудан рекордтық көрсеткішке қол жеткізді.

Сонымен қатар, биыл көктемгі егіс және күзгі жиын-терім жұмыстарын табысты жүргізуге қажетті барлық жағдай жасалды. Президент тапсырмаларын орындау аясында агроөнеркәсіп кешенін (АӨК) қаржыландырудың қолжетімділігі қамтамасыз етілді. Саланы жеңілдікті қаржыландыру көлемі алғаш рет рекордтық 580 млрд теңгені құрап, бұл қаражат егіншілерге тікелей несие беру, пайыздық мөлшерлемені төмендедіп, форвардтық сатып алуға бағытталды. 2025 жылы қаржыландыру көлемін 700 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Қолайлы күзгі ауа райы егін жинау кезіндегі жауын-шашынға қарамастан, науқанды айтарлықтай шығынсыз өткізуге мүмкіндік берді.

Нәтижесінде, республика егіншілері дәнді дақылдар бойынша рекордтық көлемде өнім жинады: орташа өнімділік гектарына 16,1 центнер, 26,7 млн тонна астық бастырылды. 2023 жылы орташа өнімділік 10 ц/га құраған болатын. Сонымен қатар 3,2 млн тонна майлы дақыл (өнімділік 10,9 ц/га), 2,9 млн тонна картоп, 3,9 млн тонна көкөніс және 2,6 млн тонна бақша дақылдары жиналды.

Облыс әкімдіктерінің деректері бойынша, республикадағы астық сақтау қоймаларының жалпы сыйымдылығы 30 млн тоннаны құрайды. Атап айтқанда, қолданыстағы лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарында – 12,7 млн тонна, ал ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде – 17,4 млн тонна астық сақталады. Көрсетілген қуаттылық көлемі өткен жылдардан қалған қорларды ескере отырып, жиналған өнімді сақтауға жеткілікті.

Қазақстанда тыңайтқыштардың үш түрі бойынша толық өндірістік цикл құрылған: аммиак селитрасы «ҚазАзот» АҚ-да, аммофос – «Қазфосфат» ЖШС-да, аммоний сульфаты – «ҚазАзот» АҚ-да және «Qarmet» ЖШС-да өндіріледі. Тыңайтқыштарға ғылыми қажеттілік физикалық салмақта 3,2 млн тоннаны құрайды, ал отандық өндірушілер қуаты осы қажеттіліктің 56%-ын, шамамен 1,8 млн тоннаны құрайды (оның ішінде «ҚазАзот» АҚ 420 мың тоннаны, ал «Қазфосфат» ЖШС 1 млн тоннаны өндіреді).

Қазіргі уақытта Қазақстанда субсидияларды 60%-ға дейін ұлғайта отырып, аванстық өтінімдерді қарауға басымдықпен, отандық тыңайтқыштарды аванстық субсидиялау тетігі енгізілді. Сондай-ақ 1 гектар егістік алқабына тыңайтқыш енгізу нормасы да ұлғайтылды, бұл топырақты негізгі қоректік заттармен толықтырады. Облыс әкімдіктері кепілдігімен отандық өндірушілер тыңайтқыштар төлемі үшін шаруларға бөліп төлеумен қамтамасыз етеді.

Биылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда еліміздің ауыл шаруашылығында мал басы мен құс саны артты. Ірі қара мал (ІҚМ) – 8,2 млн бас (120,6%), оның ішінде сиыр – 4,4 млн бас (123,3%), жылқы – 4,1 млн бас (104,9%), түйе – 2,8 млн бас (104,7%). Сүт өндірісі 3 млн тоннаға (104,2%) жетті, оның 1 млн тоннасы (107,5%) ауыл шаруашылығы құрылымдарында өндірілді.