Тереңкөлде білім ордасы толық жөндеуден өтеді
Аудан аумағында орналасқан А. Текенов атындағы №2 жалпы орта білім беретін мектептің қабырғасы 1969 жылы қаланған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі Асайын Байхановтың жұмыс сапары барысында жобаны Тереңкөл ауданы білім бөлімінің басшысы Жайнат Билялова таныстырды.
Мектеп ғимаратының ішкі және сыртқы әрлеуін толық жаңартуға бағытталған жобаның жалпы құны 405 505 мың теңгені құрайды.

– Жөндеу аясында демонтаж жұмыстары жүргізіліп, ғимараттың сыртқы әрлеуі күрделі жөндеуден өтеді, сондай-ақ қабырғалардың, төбе мен еденнің ішкі әрлеуі толық жаңартылады. Сонымен қатар баспалдақ алаңдарындағы қоршаулар ауыстырылып, ескі терезе блоктары мен сыртқы болат есіктер жаңасына алмастырылады, – деді Жайнат Билялова.
Сондай-ақ, кіреберіс есіктердің үстіне қалқандар орнатылады, ескі ағаш қалқалар бұзылып, олардың орнына кірпіш және ПВХ қалқалар қойылады. Бұдан бөлек, металл қаңқа негізінде ПВХ панельдерінен кіреберіс алаңы жасалып, су құбыры мен кәріз жүйесі жаңартылады, сондай-ақ электр сымдары толықтай ауыстырылады деп жоспарлануда.

Құрылыс-монтаж жұмыстары 2026 жылғы 22 мамырда басталған. Жоба жоспарына сәйкес, жөндеу жұмыстары 15 тамызға дейін толық аяқталуы тиіс.
Айта кетейік, білім ордасында 419 оқушы тәлім алады.