Павлодарда тұрғын өртке оранған пәтерден балаларды құтқарып қалды

Павлодарда тұрғын өртке оранған пәтерден балаларды құтқарып қалды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Тілсіз жау тоғызыншы қабаттағы пәтерлердің бірінің балконында басталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Осипенко көшесіндегі өрт туралы хабарлама «101» пультіне келіп түсті. Тоғыз қабатты үйдің тоғызыншы қабатындағы үш бөлмелі пәтердің балконында үй жиһаздары мен тұрмыстық заттар жанған.

Өрт сөндірушілер келгенге дейін балаларға осы үйдің тұрғыны емес, оқиға куәгері Қайрат Ермеков көмек көрсеткен. Ол көшеден өтіп бара жатып, тоғызыншы қабаттағы балконнан шыққан түтін мен өртті байқап, көмек сұраған балалардың дауысын естіген. 

- Уақыт жоғалтпай, ол үй тұрғындарымен бірге самокаттың темір тұтқасының көмегімен кіреберіс есіктің құлпын бұзып, кейін есікті аяғымен ашқан. Пәтер ішінде үш бала болды. Оларды жедел жәрдем қызметкерлері толық қарап шықты. Зардап шеккендер болмады, - делінген хабарламада.

Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер тілсіз жауды қысқа уақытта ауыздықтап, өрттің одан әрі таралуына жол бермеді. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталуда.