Павлодар облысында 300-ге жуық заңсыз қоқыс үйіндісі жойылды

Павлодар облысында 300-ге жуық заңсыз қоқыс үйіндісі жойылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Былтыр өңірде ғарыштық мониторинг нәтижесінде 249 рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі анықталып, оның 245-і жойылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Облыстық экология департаментінің мамандарының мәлімдеуінше, биылдың өзінде тағы 10 заңсыз қоқыс орны тіркелген. 

Мамандардың айтуынша, бүгінде облыс аумағында 1617 өндірістік және шаруашылық нысан экологиялық санаттарға бөлінген. Оның 68-і бірінші санатқа жатады. Сонымен қатар, жыл басынан бері қоршаған ортаға әсерді бағалау мен экологиялық рұқсаттарға қатысты ондаған өтінім қаралған.

Павлодар облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Әсет Сыздықов өңірдегі атмосфералық ауаның негізгі ластану үлесі Екібастұз, Ақсу және Павлодар қалаларындағы ірі өнеркәсіп орындарына тиесілі екенін айтады.

– Соңғы бес жылда облыс бойынша ауаға тарайтын зиянды заттар көлемі 60 мың тоннадан астамға азайды. Егер 2021 жылы атмосфераға 730 мың тоннадан астам зиянды зат шығарылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 669,9 мың тоннаны құрады. Бұл бірқатар кәсіпорындардағы жаңғырту жұмыстары мен өндіріс көлемінің төмендеуіне байланысты, – деді Әсет Сыздықов.

Оның сөзінше, «Қазақстан алюминийі» АҚ сүзгі жүйелерін жаңартып, зиянды қалдық көлемін қысқартқан. Сондай-ақ Павлодар мұнай-химия зауыты мен Екібастұздағы ірі энергетикалық нысандарда да эмиссия деңгейі төмендеген.

Биылғы бірінші тоқсанда экологиялық заңнаманың сақталуын тексеру мақсатында 31 тексеру жүргізіліп, сонша заңбұзушылық анықталған. Нәтижесінде 225 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Ең ірі айыппұлдардың бірі Ақсу ферроқорытпа зауытына қатысты болған.

– Тексеру барысында кәсіпорынның экологиялық рұқсатсыз қалдықтар шығарғаны, күл-қож жинақтағыш аумағында шаңдануға жол бергені және автоматтандырылған мониторинг жүйесінің деректерін уақытылы ұсынбағаны анықталды. Осыған байланысты кәсіпорынға 210 миллион теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды, – деді маман.

Экология департаментінің мәліметінше, облыстағы 321 қоқыс полигонының тек үшеуі ғана экологиялық және санитарлық талаптарға толық сәйкес келеді. Қазір бірнеше ауданда жаңа полигондар салу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ өңірде пластик, макулатура, шиналар мен құрылыс қалдықтарын қайта өңдейтін кәсіпорындар жұмыс істейді. Жыл сайын облыста шамамен 300 мың тонна коммуналдық қалдық жиналса, соның 33 пайызы қайта өңделеді. Ал сәуір айында тексерілген 10 дизельді көліктің үшеуінде зиянды заттардың мөлшері шекті нормадан асып кеткені анықталған.