Павлодар облысы Аналар кеңесі халықаралық форумда тәжірибе алмасты
Іс-шара Тараз қаласында «Ана тату болса – әлем тату» ұранымен өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық Аналар кеңесінің төрағасы Бақытжамал Максилова мен облыстық Аналар кеңесінің мүшесі, «Нұр-Ана әлемі» Железин филиалының төрағасы Шұға Нұрғалиева республикалық Аналар кеңесінің «Аналар кеңесі: саналы қоғамды қалыптастырудағы ананың рөлі» атты халықаралық форумына қатысты.

– Форум аналар кеңестерінің өкілдерін, қоғам қайраткерлері мен сарапшыларды саналы қоғамды қалыптастырудағы отбасы, ана болу және рухани-адамгершілік құндылықтарының рөлін талқылау аясында біріктірді, – дейді Бақытжамал Максилова.
Оның айтуынша, қатысушылар бірінші күні өмірлік қиын жағдайға тап болған әйелдерге арналған Жамбыл облыстық дағдарыс орталығына барды. Онда ҚР Президенті жанындағы отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия өкілдерінің, «Ауыл» партиясы орталық аппараты басшысының орынбасары Әйгерім Сәрсенбаеваның және ҚХА Республикалық Аналар кеңесінің төрайымы Назипа Шанаиның қатысуымен қайырымдылық шарасы өтті.

– Форум қатысушыларды жаңа ақпаратпен, біліммен, жаңа идеямен, көзқараспен сусындандырғаны шын. Мысалы, жас шебер қыздардың қолынан түрлі өнерді үйреніп, өзіміз де тәжірибе жасап көрдік. Сол әсерлі сәттердің қуанышын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Ұлттық өнер мен шеберліктің қадірін тереңірек түсінгендей болдық, – дейді Шұға Нұрғалиева.
Сондай-ақ, қонақтар «Анаға тағзым» отбасын дамыту әлеуметтік орталығының жұмысымен танысып, көне Тараздың тарихи көрікті жерлері – Қарахан және Айша бибі кесенелерін аралаған. Ал кешке Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық академиялық қазақ театрының «Ғашықсыз ғасыр» спектаклі ұсынылған.

– Қойылымды тамашалау ерекше әсер қалдырған сәттердің бірі болды. Залда отырған көрермендер кейіпкерлермен бірге күліп, бірге мұңайып, оқиғаға толықтай еніп кеткендей әсер алды. Әр актер образды шынайы әрі асқан шеберлікпен сомдап, көрермен жүрегіне жол таба білді. Қойылым бойы сахнадағы әрбір қимыл мен сезім ерекше әсер сыйлап, ұмытылмас көңіл күй қалдырды, – деп әсерімен бөлісті Шұға Нұрғалиева.
Форумның екінші күні «Тал бесік» этноорталығы базасында бастау алған. Мұнда еліміздің әр облысынан келген аудандық Аналар кеңесі төрағаларының қатысуымен тәжірибе алмасу семинары өтті.
– Іс-шара барысында Атырау облысы, Алматы облысы, республикалық дүнгендер этномәдени бірлестігі Аналар кеңесінің өкілдері, сондай-ақ жетісу, Қостанай облысы және Маңғыстау облысы спикерлері өз тәжірибелерімен бөлісті. Мен де баяндама жасап, Железин аудандық аналар кеңесінің атқарып отырған жұмыстары мен тиімді жобалары туралы таныстырдым, – дейді Шұға Нұрғалиева.
Әрі қарай аналар кеңесінің «Саналы қоғам қалыптастырудағы ананың рөлі» тақырыбындағы пленарлық отырысы Көне Тараз көрме залы ғимаратында өткен.

Павлодарлық аналарды түрлі этнос өкілдерінің, соның ішінде орыс, түрік, қазақ қатысушыларының өз баяндамаларын мемлекеттік тілде ұсынуы ерекше таңғалдырған. Бұл ана тіліне деген құрмет пен ел бірлігінің жарқын көрінісіндей әсер қалдырған.
– Тиімді жұмыс үлгілерін көріп, мол тәжірибе жинақтап, ерекше әсермен елге оралдық. Келген бойда ұжым мүшелерін жинап, сапар барысында көрген жаңашыл бастамалар мен игі істердің үлгілері туралы ой бөлістім. Әсіресе Аналар кеңесінің қоғамдағы рөлі, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және бірлікке негізделген жұмыстар жөніндегі тәжірибелер көпшілікке үлкен әсер қалдырды, – дейді ол.
Іс-шара соңы өңірдің рухани мұрасы мен тарихының символына айналған «Тектұрмас» тарихи кешенімен танысумен аяқталған.