Павлодарда Президент тапсырмасы аясында экопарк бой көтереді
Бүгінгі күні болашақ саябақтың құжаттары пысықталуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңір басшысы Асайын Байхановтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында шаһарда Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жаңа экопарктің құрылыс жұмыстары туралы баяндалды.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Иманзаипов рекреациялық аймақтарды дамыту мен тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру негізгі басымдықтардың бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, биыл облыста 17 саябақ пен сквер абаттандырылады. Сонымен қатар, Ақсу қаласында жаңа саябақ салынып, Екібастұздағы Шахтер паркі мен Баянауыл ауданы Жасыбай ауылындағы жағалау және жағажай аумағы жаңартылады.
Аймақ басшысы Асайын Байханов Ақсу мен Екібастұздағы орталық саябақтарды реконструкциялау жұмыстарының сапасы мен мерзіміне ерекше назар аударды.
– Бұл жұмыстар қалалардың тұрғындарына қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Сондықтан жобалар сапалы әрі уақытында аяқталуы тиіс, – деді облыс әкімі.
Аппараттық жиында Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков экопарк жобасының жүзеге асу барысы туралы баяндады. Оның пайымдауынша, қазіргі таңда жобаны әзірлеуге арналған конкурс жариялау үшін мемлекеттік сатып алу басқармасына өтінім жолданған.
– Конкурс қорытындысын ағымдағы жылдың 15 маусымына дейін шығару жоспарланып отыр. Аталған жоба - менің жеке бақылауымда, – деді Хасар Хабылбеков.
Облыс басшысы жауапты мемлекеттік органдарға сатып алу рәсімдерін созбай, жобаны уақытылы іске асыруды тапсырды.
Еске салайық, болашақ экопарк орны ретінде Усолка шағын ауданы таңдалды. Аумағы алпыс гектарға жуық жоба 2022 жылдың жазынан әзірленуде.
Павлодарлықтарға арқанды парк, заманауи спорт алаңқайлары, балық аулау аймақтары, балалар және ойын алаңқайлары, пикник пен кемпинг орындары, сондай-ақ гольф алаңқайы уәде етілген. Аумақты табиғи материалдарды пайдалана отырып абаттандыру жоспарлануда.
Айта кетейік, аталмыш жобалардың барлығы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өткізіліп жатыр. 18 сәуір мен 18 мамыр аралығында облыста тазалық айлығы өтті. Айлық кезінде облыс бойынша 45 мың тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдық шығарылып, 1200 шақырымнан астам жол жиегі, жағалау аумақтары мен бос жатқан жерлер тазартылды.