Президент Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауын жариялады, деп хабарлайды Ақорда.
Мемлекет басшысы кезекті сессияның ашылуымен құттықтап, ел игілігі үшін жасап жатқан қызметте табыс тіледі.
– Өткен сессияда жемісті жұмыс жүргізілді. Атап айтқанда, Парламенттің екінші сессиясында 102 заң қабылданды. Оның ішінде қоғамдық бақылауға, адам саудасына қарсы күреске қатысты заңдар бар. Сондай-ақ ғылым және технология саясатын, жылу энергетикасын, басқа да мәселелерді реттейтін заңдар күшіне енді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Президент әлеуметтік салаға, әсіресе, балаларды қорғау ісіне айрықша көңіл бөлінетінін атап өтті.
– Ұлттық қордан балалардың есепшотына қаржы аударуға қатысты заң қабылданды. Балаларды құмар ойынға тартқандар әкімшілік заң бойынша жазаға тартылатын болды. Кәмелетке толмаған балаларға зорлық-зомбылық көрсеткені үшін берілетін жаза қатайды. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстың алдын алуға арналған заң қабылданды. Қазір көптеген азаматтың мойнында бірнеше несие бар екені жасырын емес. Бұл – өте өзекті мәселе, қоғамдық қатер десек те болады. Сондықтан осы бағытта арнайы заңдар қабылданды, – деді Мемлекет басшысы.
Президент халықтың әл-ауқатын жақсартуға септігі тиетін басқа да көптеген шара қолға алынғанын атап өтті.