Павлодарлық ата-аналар жазғы қауіпсіздік пен тәрбие мәселелерін сөз етті
Өңірде ауқымды ата-аналар жиналыстары өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аймақтың барлық қала және аудандарында өткен ашық диалог алаңдарында балалардың жазғы демалысы, қауіпсіздігі, интернеттегі қорғаныс, жасөспірімдердің эмоционалдық жағдайы мен құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелері талқыланды.
Ашық форматтағы диалог алаңдарына жүздеген ата-ана, педагогтер, құқық қорғау органдарының, прокуратураның, төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері, психологтар мен медицина мамандары қатысты. Кездесулер легін облыстық білім беру басқармасының басшысы Әйгерім Әбенова бастады. Ол Абай атындағы дарынды балаларға арналған гимназия базасында өңірдегі мамандандырылған мектептерде білім алатын оқушылардың ата-аналарымен кездесті.
Кездесу аясында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау ұйымдастырылып, жалпы жиналыста 2025-2026 оқу жылын аяқтау, балалардың жазғы демалысы мен бос уақытын ұйымдастыру, сондай-ақ каникул кезеңіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, балалар жарақатының профилактикасы және өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды дер кезінде анықтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Облыстық деңгейдегі кездесуден кейін мұндай ашық диалогтар өңірдің барлық қала-аудандарында жалғасты. Білім бөлімдерінің басшылары құқық қорғау органдарының, прокуратураның, төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері, психологтар мен медицина мамандарымен бірлесіп ата-аналармен кездесулер өткізіп, балалар мен жасөспірімдерге қатысты ең өзекті мәселелерді талқылады.
Кездесулер барысында 2025-2026 оқу жылының қорытындылары шығарылып, оқушылардың жазғы жұмыспен қамтылуы, мектеп жанындағы және қала сыртындағы лагерьлердің жұмысы, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, интернет қауіпсіздігі, балалар жарақатының профилактикасы, судағы, жолдағы және қоғамдық орындардағы қауіпсіздік мәселелері қарастырылды.
Жиындарда қазіргі заманның жаңа сын-қатерлеріне де ерекше көңіл бөлінді. Бүгінде ата-аналарды балалардың үлгерімі ғана емес, жасөспірімдердің эмоционалдық жағдайы, цифрлық ортаның ықпалы, интернет қауіпсіздігі және баланың мінез-құлқындағы алаңдатарлық белгілерді дер кезінде байқай білу мәселелері де алаңдатады.
– Жазғы кезеңдегі балалардың қауіпсіздігі – отбасы, мектеп және қоғамның ортақ жауапкершілігі. Тек бірлескен күш-жігердің арқасында ғана балаларымыздың пайдалы, қауіпсіз әрі сапалы демалысын қамтамасыз ете аламыз, – деп атап өтті Ертіс ауданындағы кездесуді ұйымдастырушылар.
Ал Екібастұзда өткен кездесуде бүгінгі таңда көптеген отбасын толғандыратын мәселелер қозғалды. Атап айтқанда, баламен сенімді қарым-қатынасты сақтау, оның мінез-құлқындағы өзгерістерді уақытында байқау және жасөспірімге есею кезеңінде қолдау көрсету жайы талқыланды.
Көптеген аудандарда кездесулер кеңейтілген форматта өтіп, оған полиция, прокуратура және жедел әрекет ету қызметтерінің мамандары қатысты. Ата-аналарға құқықтық жауапкершілік, жасөспірімдер қылмысының алдын алу, киберқауіптерден қорғану және жаз мезгіліндегі қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Ұйымдастырушылардың пайымдауынша, мұндай кездесулер дәстүрлі жиналыс қана емес, отбасы, мектеп және мемлекеттік құрылымдар арасындағы ашық диалог алаңына айналып келеді.