Павлодарлық футболшылар кибермайданда бақ сынады

Павлодарлық футболшылар кибермайданда бақ сынады
Фото: автор

«Ертіс» футбол орталығының ойыншылары Freedom QJ League Cyber Cup турнирінде дебют жасады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Ертіс» футбол орталығының ойыншылары алғаш рет Counter-Strike 2 ойыны бойынша өтетін Freedom QJ League Cyber Cup киберспорт турниріне қатысып жатыр. Жарысқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен 20-дан астам команда қатысуда.

Павлодарлық ұжым «А» тобына түсіп, шымкенттік «Ордабасы» және «Оңтүстік Академиясымен», оралдық «Жайықпен», көкшетаулық «Оқжетпеспен» және астаналық «Жеңіспен» кездеседі. Әр командада бес ойыншыдан бар. Турнирге U18, U17, U16 және U15 жас санаттарындағы футболшылар қатысуда.

Павлодарлық кибер-команданың капитаны — U18 командасының қақпашысы Бекжан Мұратбек. Оның айтуынша, құрам онлайн-рейтинг бойынша үздік ойыншылардан жасақталған.

— Топта бірінші орын алуға үміттіміз. Бар күшімізді саламыз. Жеңіске деген жігер бар. Меніңше, барлық командалардың деңгейі шамалас, — деді Бекжан Мұратбек.

Ойындар Zodiak компьютерлік клубында өтіп жатыр. Мұнда қатысушылар үшін барлық қажетті жағдай жасалған: заманауи техника, тұрақты интернет және командаларға арналған ыңғайлы ойын аймағы қарастырылған.

Топтық кезең қорытындысы бойынша үздік екі команда жартылай финалға жолдама алады. LAN форматындағы шешуші кезең 6 маусым күні Алматыда өтеді.