Павлодарлық оқытушылар Қытайдағы халықаралық тағылымдамадан оралды

Павлодарлық оқытушылар Қытайдағы халықаралық тағылымдамадан оралды
Фото: Ақпараттық технологиялар колледжінің баспасөз қызметі

Қытайда жасанды интеллект сценарий жазу, бейне жасау және жарнамалық контентті әзірлеу үшін белсенді түрде қолданылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ақпараттық технологиялар колледжінің оқытушылары Талғат Жалпаков пен Илья Нестеров Қытайда жасанды интеллект және заманауи технологиялар бағыты бойынша халықаралық тағылымдамадан өтіп қайтты. Оқыту «Talap» КеАҚ желісі бойынша Қазақстан-Қытай колледждерінің альянсы аясында ұйымдастырылды.

Бағдарламаға Қазақстанның әртүрлі өңірлерінен, соның ішінде Астана, Алматы, Тараз, Атырау, Қостанай және Көкшетау қалаларынан келген 27 педагог қатысты. Павлодар облысынан тағылымдамаға тек Ақпараттық технологиялар колледжінің оқытушылары барған.

– 2025 жылдың қараша айында Ақпараттық технологиялар колледжі жасанды интеллект бойынша Қазақстан-Қытай колледждері альянсының құрамына енген болатын. Сонымен қатар халықаралық серіктестікті құру бастамашыларының бірі болды. Альянстың құрылуы екі елдің білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадамға айналып, тәжірибе алмасуға, педагогтердің біліктілігін арттыруға және жаңа буын мамандарын даярлауға жаңа мүмкіндіктер ашты, – деді Ақпараттық технологиялар колледжінің баспасөз қызметі.

Тағылымдама Қытайдың ірі өнеркәсіптік әрі білім беру орталықтарының бірі саналатын Ухань қаласында өтті. Халқы 14 миллионға жуық шаһар көптеген университеттерімен және технологиялық дамуымен танымал.

Екі аптаға созылған бағдарлама білім беру, тәжірибелік және мәдени блоктарды қамтыды. Қатысушылар күн сайын Wuhan Vocational College of Software and Engineering базасында білім алып, Қытайдағы жасанды интеллекттің даму бағыттары жөніндегі дәрістерге қатысты. Сондай-ақ ЖИ-ді түрлі салаларда қолдану ерекшеліктерін зерттеп, Қытай тарихы мен қытай тілі негіздерімен танысты.

Талғат Жалпаковтың айтуынша, бағдарлама аясында қатысушылар Huawei компаниясының кеңсесі мен өндірістік алаңдарын, сондай-ақ оптикалық талшық және телекоммуникациялық жабдықтар өндірісіндегі жетекші компаниялардың бірі саналатын FiberHome кәсіпорнын аралаған.

– Бізге байланыс саласындағы заманауи шешімдер көрсетіліп, телекоммуникациялық технологиялардың дамуы мен деректерді беру инфрақұрылымын құру жолдары туралы айтылды. Ірі компаниялардың заманауи технологиялық шешімдерді қалай енгізіп, дамытып жатқанын көру өте қызықты болды, – деді ол.

Илья Нестеров тағылымдама барысында мәтін, фото және бейне генерациясы, робототехника және цифрлық коммерция бағыттары бойынша тәжірибе жинақтағанын айтты.

– Қытайда жасанды интеллект сценарий жазу, бейне жасау және жарнамалық контент әзірлеуде белсенді қолданылады. Біз сұраныстарды дұрыс құрастыруды, ролик құрылымын жоспарлауды және ЖИ құралдарын тиімді пайдалануды талдадық. Осындай дағдыларды студенттерімізге де үйрету маңызды. Бұл олардың заманауи цифрлық мамандықтарда бәсекеге қабілетті болуына көмектеседі, – деді оқытушы.

 Тағылымдамаға қатысушылар Қытайдағы тәжірибелік оқыту жүйесіне де ерекше назар аударды. Оларды автокөлік үйірмесінің жұмысы қызықтырған. Мұнда студенттер жарыс болидтерін өздері жобалап, құрастырады және олармен кәсіби жарыстарға қатысады.

Сонымен қатар павлодарлық педагогтер өндірістік цехта болып, студенттердің өнеркәсіптік роботтандырылған манипуляторлармен жұмыс істеу дағдыларын қалай меңгеретінін және VR-симуляторларда жаттығатынын көрді.

Бағдарлама қатысушыларын қабылдаушы колледждегі білім беру үдерісінің ұйымдастырылуы да таңғалдырды. 17 мыңнан астам студент білім алатын кампус толыққанды студенттік қалашық ретінде жұмыс істейді және онда оқу мен күнделікті өмірге қажетті барлық жағдай жасалған.

Тағылымдама барысында қазақстандық оқытушылар Қытай мәдениетімен де жақынырақ танысты. Олар қытай тілінің интерактивті сабақтарына қатысып, әйгілі Сары тырна мұнарасында болып, көркем Шығыс көлі – Дунху жағасында серуендеді. Колледж қызметкерлерінің айтуынша, бұл сапар қатысушыларға Қытайдың технологиялық дамуымен қатар елдің рухы мен мәдени атмосферасын да тереңірек сезінуге мүмкіндік берген.