Ақсуда жылу желілері жөнделіп, көшелер жаңартылады

Ақсуда жылу желілері жөнделіп, көшелер жаңартылады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Металлургтер қаласында алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шаһарда жолдарды жөндеу, аулаларды абаттандыру және балалар ойын алаңдарын салу жобалары да қатар қолға алынған.

Мәселен, Ақсу ферроқорытпа зауытына қарасты №2 жылу беру қазандығында да жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Еуразиялық энергетикалық корпорация бас директоры Дүйсен Мерғалиев биыл негізгі бес жабдыққа жөндеу жұмыстары жүргізілетінін айтты.

Оның айуынша, биыл №4 қазандық агрегатына орташа жөндеу, ал №1, 3, 5 және 6 агрегаттарға ағымдағы жөндеу жұмыстары жоспарланған. Бұл мақсатқа кәсіпорын есебінен 211 миллион теңге бөлінген. Жөндеу жұмыстары шілде-қыркүйек айларында аяқталуы тиіс.

Бұдан бөлек, Ақсудағы екі ірі көшедегі жылу магистральдары жаңартылуда. Астана көшесінде 600 метр, Ленин көшесінде 1,5 шақырым жылу желісі ауыстырылып жатыр. Жобаның жалпы құны 2,9 миллиард теңгені құрайды.

Ақсу қаласының әкімі Болатбек Шәріповтің мәлімдеуінше, қаладағы 126 ауланың 94-і абаттандырылған. Биыл облыстық бюджет есебінен жалпы құны 505,6 миллион теңгеге 32 балалар ойын алаңы орнатылады. Қазірдің өзінде 11 алаңның жобасы дайындалып, қажетті құрал-жабдықтарға тапсырыс берілген. Жоба толық аяқталған соң қаладағы балалар ойын алаңдарына деген қажеттілік толық шешілмек.

Сонымен қатар, бұқаралық спортты дамыту мақсатында аулаларға 10 жаттығу алаңы орнатылады. Бұл бағытқа 47 миллион теңге қарастырылған. Бұдан бөлек, бес шағын футбол алаңы салынып, 10 спорт алаңы күрделі жөндеуден өтеді. Жаңа ойын алаңдары Береке, Бөріктал, Суаткөл, Үштерек және Айнакөл ауылдарында да бой көтереді.

Ал қаладағы қарқын алған тағы бір жұмыс – жол жөндеу саласы. Мұнда Әуезов және Строитель көшелеріне орташа жөндеу жүргізіледі. Сондай-ақ Ақсу шағын ауданындағы Пушкин, Чкалов және Бауыржан Момышұлы көшелері де жаңартылады. Бұл жұмыстарға 2 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.

Бұдан бөлек, шаһарда жалпы ұзындығы 6,9 шақырым болатын қысымды және өздігінен ағатын кәріз коллекторларын қайта жаңарту жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Жобаның жалпы құны 5,2 миллиард теңгені құрайды. Қазіргі уақытта 1,3 шақырым құбыр төселген. Мамандардың айтуынша, барлық жұмыс 2026 жылдың қыркүйек айының соңына дейін толық аяқталады.