Павлодарда автобус пен жеңіл көлік соқтығысып, төрт адам зардап шекті

Павлодарда автобус пен жеңіл көлік соқтығысып, төрт адам зардап шекті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Олардың арасында екі бала бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жаяу Мұса көшесіндегі №1 үйдің маңында GOLDEN маркалы жолаушылар автобусы мен Toyota автокөлігі соқтығысқан.

Аталған жол-көлік оқиғасы бойынша полиция тексеру жүргізіп жатыр.

Алдын ала мәлімет бойынша, жеңіл көлік жүргізушісі көлікті басқара алмай қалған. Салдарынан жеңіл автокөліктің жолаушылары зардап шекті. Облыстық балалар ауруханасына екі жастағы қыз бен 12 жастағы ұл жеткізілді. Қыз бала ішкі ағзаларының соғылуына байланысты хирургия бөліміне жатқызылды. Дәрігерлер оның жағдайын орташа ауыр деп бағалауда.

Ал 12 жастағы бала тексеруден және қажетті медициналық зерттеулерден кейін амбулаториялық ем алуға жіберілді. Ол дене жарақаттарын алған.

Сонымен қатар 35 жастағы әйел мен 41 жастағы ер адамға медициналық көмек көрсетілді. Олар Павлодар қалалық №1 ауруханасына жеткізіліп, дәрігерлік тексеруден кейін амбулаториялық ем қабылдау ұсынылды.