Павлодарда еріктілер наркограффитиге қарсы күресте белсенділік танытуда

Биыл қалада 300-ге жуық ерікті нашақорлыққа қарсы күресте полицейлерге көмектесуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласының жастары салауатты өмір салтын насихаттау және есірткі жарнамасына қарсы күрес бағытында белсенді жұмыс атқаруда. Жергілікті еріктілер құқық қорғау органдарымен бірлесіп, қала аумағындағы тыйым салынған заттарға қатысты граффитилерді жою акцияларына қатысады.
– Мен Павлодарда туып-өстім, осы қалада білім алып жатырмын. Болашақта да осында жұмыс істегім келеді. Бұл – менің сүйікті қалам, сондықтан да оның таза әрі қауіпсіз болғанын қалаймын. Сол себепті наркограффитиға қарсы іс-шараларға жиі қатысамын, – дейді ерікті Данил Мясников.
Оның пікірімен студент Вика Тимченко да келіседі. Ол есірткі жарнамасына қарсы күресті жастардың санасын тәрбиелеудегі маңызды қадам деп есептейді.
– Көшеде бос жүрген жастарды көргенде «осы уақытын пайдалы іске неге жұмсамайды?» деген ой келеді. Өмір сүру үшін қол-аяғы бүтін, дені сау – ал бұл үлкен мүмкіндік. Жақындарыңның жанында болып, пайдалы іспен айналысу – шынайы бақыт, – дейді ол.
Қазіргі уақытта облыс орталығында шамамен 300 ерікті полицияға көмек көрсетіп келеді. Олар велошеру, флешмоб, челлендж сынды түрлі форматтағы акцияларға қатысып, интернет-дүкендер жарнамасы салынған 300-ге жуық граффитиді жойған.
Сонымен қатар, есірткі саудасымен және таралуымен байланысты фактілер туралы ақпараттарды әлеуметтік желілер арқылы хабарлайтын белсенді тұрғындар да бар. Мұндай мәліметтер Instagram-дағы @dp_pavlodar, @upn_pavlodar парақшаларына және Telegram-дағы «Көлеңкелі кейіпкер» ботына жолданады. Әрбір шағым жеке қаралып, нақты шаралар қабылданады.
– Бүгінгі таңда нашақорлық – бүкіл қоғамға ортақ мәселе. Онымен күресте бірлік пен жауапкершілік маңызды, – деді Павлодар облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсейітов.
Шара соңында спикер павлодарлықтарды отбасы мен жақындарының амандығына бейжай қарамауға шақырып, есірткіге қатысты кез келген мәліметті 8 (7182) 39-10-38 сенім телефонына хабарлауды сұрады. Анонимдікке кепілдік беріледі.
Жансая Мәлік