Май ауданының оқушылары ақылды ферма құрастырды
Олар ауыл шаруашылығын автоматтандырудың жаңа мүмкіндіктерін көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында ауыл шаруашылығын роботтандыру тақырыбына арналған ерекше жаңалық көпшіліктің назарын аударды. Көктөбе жалпы орта білім беру мектебінің төртінші сынып оқушылары – Дәрмен Жұман пен Саян Қылышбек «Автономды ферма» атты күрделі әрі инновациялық жобасын ұсынып, жас конструкторлар мен болашақ инженерлердің жаңа буынының қалыптасып келе жатқанын дәлелдеді.
Балалар робототехника, датчиктер және программалау элементтерін біріктіріп, фермадағы негізгі жұмыстарды адамның қатысуынсыз орындай алатын толыққанды модель жасап шықты. Бұл жоба ауыл шаруашылығында еңбек күшінің азаюы, процестердің баяулығы, уақыт пен ресурсты тиімсіз пайдалану сияқты өзекті мәселелерді технология көмегімен шешуге болатынын көрсетеді.
Жоба авторлары ауыл шаруашылығы саласындағы қазіргі трендтерді жақсы түсінеді. Олар автоматтандырудың тиімділігін дәлелдеу үшін арнайы датчиктермен жабдықталған автономды жүйелерді өз қолдарымен жасап шыққан.
– Біздің жобамыздың мақсаты – фермадағы процестерді автоматтандыру арқылы роботтардың жұмысын көрсету және адамның еңбегін жеңілдету, – дейді Дәулет пен Саян. – Фермадағы жұмыс көп күш пен уақыт талап етеді. Ал автоматтандырылған жүйелер бұл міндетті әлдеқайда жеңіл әрі тиімді орындай алады.
Жоба бірнеше бөлек модульдерден тұрады. Әр модуль нақты бір мәселені шешуге арналған. Оқушылар олардың әрқайсысын программалап, өзара байланыстырып шыққан.
Автоматты қора төбесі су деңгейін анықтайтын датчик жаңбыр жауғанын немесе су тигенін сезген сәтте қораның төбесін автоматты түрде жабады. Ауа райы ашық болса, төбе қайта ашылады. Бұл жануарларды табиғат құбылысынан қорғауға бағытталған.
Қой мен қозыны автоматты бөлу түс датчигі арқылы есік түрлі түстерге реакция береді. Қызыл түс көрсетілсе – бір есік, сары түс көрсетілсе – екінші есік ашылады. Бұл малды жас ерекшелігі бойынша автоматты түрде сұрыптауға мүмкіндік береді.
– Автоматты қақпа ультрадыбыс датчигі жануарды төрт см жақындықта байқаса, қақпа ашылады. Жануар алыстағанда қақпа қайта жабылады. Бұл ферма аумағына кіріп-шығуды реттейді, – дейді жас ғалымдар.
Су астауы жануар 10 см жақындаған кезде ультрадыбыс датчигі іске қосылып, астауға су автоматты түрде құйылады.
Жем астауы арнайы басылмалы датчик іске қосылса, жем-шөп өздігінен беріліп отырады.
Автоматты жарықтандыру жүйесінде фоторезистор қараңғылықты анықтап, түн болғанда жарықты қосады. Күндіз жарықты автоматты түрде өшіреді.
Осы механизмдердің барлығы бір-бірімен үйлесімде жұмыс істейді. Балалар модельді құрастырып, программалау жұмыстарын аяқтау үшін шамамен 30 күн еңбек еткен.
– Бұл жобаны жасау бізге көп тәжірибе берді. Механизмдерді жинап, датчиктерді таңдап, программасын жаздық. Барлығын өз қолымызбен жасадық, – дейді оқушылар.
Дәулет пен Саянның жұмысы – мектеп жобасы ғана емес, ауыл шаруашылығын цифрландыру бағытында тың идеялар беретін шағын прототип. Бүгінде әлем фермерлері смарт-технологияларды кеңінен енгізіп жатқанда, мұндай жобалар Қазақстандағы жас буынның да бұл бағытқа қызығушылығы артқанын көрсетеді.
Автономды жүйелер еңбекті жеңілдетеді, уақытты үнемдейді, мал күтімін жақсартады, адамның қателік жіберу ықтималдығын азайтады, ферма жұмыстарын нақты әрі тұрақты орындауға мүмкіндік береді.
Жоба авторлары болашақта дәл осындай смарт-фермалар шынайы ауыл шаруашылығында кеңінен қолданылатынына сенеді.
Көктөбе жалпы орта білім беру мектебінің төртінші сынып оқушылары жасаған «Автономды ферма» жобасы – балалардың техникалық білімге, робототехникаға қызығушылығының жарқын дәлелі. Бұл тек мектепішілік жұмыс емес, болашақ ауыл шаруашылығында қолдануға болатын дайын технологиялық шешімнің негізі.
Еске сала кетейік, өңірде «Зерде» ғылыми жобалар конкурсының облыстық кезеңі өтті. Оған 478 оқушы 376 жоба бойынша қатысты.