Павлодар облысында ғарыштан 200-ге жуық қоқыс орны анықталды
Облыс аудандарында санитарлық-құрылыс нормаларына сәйкес келмейтін тағы 316 қоқыс орны бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы облыстық экология департаменті басшысының орынбасары, Павлодар облысы бойынша бас мемлекеттік экологиялық инспекторы Әсет Сыздықов мәлім етті.
Ғарыштық мониторинг бойынша облыс аумағында 205 рұқсат етілмеген қоқыс алаңы, сондай-ақ рұқсат берілген полигонның шекаралары бұзылған 74 қоқыс алаңы анықталды.
– Бүгінде 80 рейдтік іс-шара жүргізілді. Нәтижесінде 26 рұқсат етілмеген орын анықталып, барлығы жойылды. Ағымдағы жылы ауылдық округтердің әкімдері 186 рұқсат етілмеген қоқыс алаңын жойды, бұл барлық анықталған бұзушылықтардың 93%-ын құрайды, – дейді спикер.
Қазір облыс бойынша экологиялық рұқсат құжаттары жоқ 316 қоқыс үйіндісі бар. Оларға коммуналдық қызметтер қызмет көрсетпейді және бұл мәселе ондаған жылдар бойы шешілмеген.
Қоқыс сұрыптау зауытының құрылысына келетін болсақ, Әсет Сыздықов бұл жобаға билік тарапынан қаражат бөлінгенін растады.
Бұған дейін зауыт қатты тұрмыстық қалдықтар қоқыс аумағында орналасатыны жайлы хабарланған болатын. Жоспар бойынша қоқыс түрлі-түсті және қара металл, картон, полиэтилен, резеңке, ағаш, тоқыма және сынған шыныға сұрыпталады.
Спикердің айтуынша, 2024 жылдың бірінші жарты жылдығында профилактикалық бақылаудың бекітіліген тізімі шеңберінде сегіз субъектіні тексеру жоспарланды. Олардың қатарында «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС, «Павлодар Құс» ӨК» ЖШС және басқалар бар. Барлық жоспарланған тексерістер толық көлемде жүргізілді.
– Бұзушылықтардың маңыздылары рұқсат қағаздарының сәйкес болмауы анықталды. Атап айтқанда, «Ақсу ферроқорытпалар зауыты» АҚ және «Құрылыс материалдары зауыты» ЖШС экологиялық рұқсат қағаздарының болмағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – дейді ол.
Сондай-ақ, Павлодар облысының аумағында 15 кәсіпорын автоматтандырылған мониторинг жүйелерін (АМЖ) орнатуға міндеттелді. Қазіргі таңда 10 кәсіпорын (67%) жүйелерді орнатты. Олардың үшеуі деректерді аударумен бірге ақпараттық жүйеге қосылды. Кәсіпорын қосу кезеңінде, ал бір кәсіпорын тестілеу режимінде тұр.
Айта кетейік, АМЖ-ін орнату талаптарын сақтамағаны үшін департамент алты объектіге екі млн теңгеге әкімшілік шектеулер салды. Бұзушылықтарды жою бойынша ұйғарымдар берілді.