Павлодар облысында «Қосақ» автокөлік өткізу бекетінің қайта құрылысы жалғасуда

Павлодар облысында «Қосақ» автокөлік өткізу бекетінің қайта құрылысы жалғасуда
Фото: Константин Шелков

Бұл – облыстағы бес өткізу пунктінің ішіндегі жаңғыртылып жатқан алғашқы нысан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірде көлік транзитін арттыру және мемлекеттік шекарадан өтуді жеңілдету мақсатында автокөлік өткізу бекеттерін жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Биыл мамыр айында Қазақстан-Ресей шекарасындағы «Қосақ» автокөлік өткізу пунктінің қайта құрылысы басталды. Жоба республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылып жатыр.

Құрылыс жұмыстарын «Integra Construction Kz» ЖШС жүргізуде. Қазіргі таңда жұмыстардың 20 пайызы орындалған. Уақытша 860 метрді құрайтын айналма жол тартылып, аумақ қоршалды, жерді тегістеу және электр желілерін көшіру аяқталды. Нысан аумағында негіз қалау және сыртқы қабырғаларды әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» басшысының орынбасары Алексей Логвиненконың айтуынша, жаңа өткізу пункті заманауи талаптарға толық сай болады.

– Көлік құралдарын сканерлейтін инспекциялық-тексеру кешені орнатылады. Бұл жүк тасымалдаушылардың шекарадан өту уақытын айтарлықтай қысқартады. Дәл әуежайдағыдай күту залы, паспорттық бақылау, тексеру жүйелері толық қамтылады, – деді ол.

«Қосақ» өткізу бекетінің құрылысы келер жылдың үшінші декадасында аяқталады деп жоспарлануда. Жоба құны – 16 миллиард теңге. Бұл – облыстағы бес өткізу пунктінің ішіндегі жаңғыртылып жатқан алғашқы нысан. Сондай-ақ 2030 жылға дейін Үрлітүп, Шарбақты, Амангелді және Найза бекеттерін кезең-кезеңімен реконструкциялау жоспарланған.

Айта кетейік, ағымдағы жылы облыс бойынша республикалық маңызы бар 1663 шақырым автомобиль жолында жұмыстар атқарылды. Жалпы ұзындығы 198,8 шақырым болатын 10 жоба қолға алынды. Атап айтқанда: алты жоба – орташа жөндеу, екі жоба – күрделі жөндеу және екі жоба құрылыс жұмыстары болды.