Баянауыл ұлттық паркінде өрт маусымы қауіпсіз өтті
Биылғы маусымда он бір орман өрті тіркелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ағымдағы жылғы өрт қауіпті маусымы кезінде Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында 11 өрт оқиғасы тіркелді, жалпы өртенген жер шамамен 35 гектар, оның ішінде орман мен жабық аумақ – төрт гектар.
Тіркелген өрттердің басым көпшілігі найзағай соғуынан туындаса, екі өрт азаматтардың от жағу ережесін бұзуы нәтижесінде, бір өрт электр желісінің зақымдануынан шықты.
– «Қазавиаорманкүзеті» авиациялық бөлімшесі, парк қызметкерлері және жерүсті құрылымдарының үйлесімді жұмысының нәтижесінде өрттердің үлкен аумақтарға таралуына жол берілмеді, – деді Баянауыл авиациялық бөлімшесі басшысының міндетін атқарушы Жасұлан Сәтбаев.
Өрт қауіпті маусымның басында авиациялық бөлімшеге 120 сағат ұшу уақыты бөлінген, кейін қосымша 90 сағат қосылып, барлығы 210 сағатты құрады. Барлық ұшулар орман жағдайын бақылау және өрт ошақтарын анықтау үшін толық көлемде қолданылды.
Десанттық-өрт сөндірушілер жеті өрт сөндіру жұмысына қатысты. Жұмыстар кезінде «Соболь» маркалы кіші өрт көліктері пайдаланылды.
Еске сала кетейік, облыс аумағында жүзге жуық өрт тіркелді. Оның 78 пайызы найзағайдан пайда болды. Сонымен қатар, өңірде орман өрттерінің болу фактілерін жасырған тұлғалар жазаланды. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы тарапынан сегіз қызметтік тексеру өткізіп, лауазымды тұлғаларға айыппұл салынды.