Павлодар облысында интернет-алаяқтық жиілеп кетті

Павлодар облысында интернет-алаяқтық жиілеп кетті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өткен аптада интернет-алаяқтықтың 53 жағдайы тіркелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, күн сайын орта есеппен 5-10 тұрғын алаяқтардың құрбаны болып жатыр. Алаяқтар алдаудың түрлі әдістерін қолданады, бірақ олардың негізгі мақсаты – азаматтардың ақшасын иемдену. Олар өздерін «Қазпошта», «Энергосбыт», салық қызметі, eGov порталы немесе құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырады. 

– Сонымен қатар, Instagram және OLX сияқты интернет-сайттарда алдын ала төлем талап ететін алаяқтық жағдайлары көбейген. Тек бір аптаның ішінде осы схеманың құрбаны болған 18 адам тіркелді. Жалған инвестициялық жобаларға ақша салу фактілері де жиі кездеседі. Азаматтар тез байып кетуге үміттеніп, ақшаларын салады, бірақ соңында оны қайтара алмайды. Бұл «қаржылық тұзаққа» көбінесе зейнеткерлер мен орта жастағы адамдар түсіп жатады. Өткен аптада облыстың 10 тұрғыны осындай алаяқтықтың құрбаны болған, – деп атап өтті ведомствода.

Облыстық полиция департаменті тұрғындарды сақ болуға шақырады. Алаяқтардың қулығына алданып қалмау үшін, кез келген күмәнді қаржылық әрекет жасамас бұрын ақпаратты мұқият тексеру қажет.