Павлодар облысында «Қамқорлық» қайырымдылық айлығы басталды

Павлодар облысында «Қамқорлық» қайырымдылық айлығы басталды
Константин Шелковтың фотосы

Акцияның басты мақсаты – әлеуметтік жағдайы төмен және көмекке мұқтаж азаматтарға қолдау көрсету, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

22 қыркүйектен 20 қазанға дейін Павлодар облысының барлық аудандарында дәстүрлі «Қамқорлық» қайырымдылық айлығы өтеді. 

– Акция жыл сайын екі рет – көктемде және күзде ұйымдастырылатын бұл игілікті іс-шара қоғамда қайырымдылық пен мейірімділікті насихаттауға бағытталған. Айлық аясында облыс көлемінде аз қамтылған көп балалы отбасыларға, жалғызілікті қарияларға, ерекше күтімді қажет ететін балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, сондай-ақ мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік көмек көрсетіледі, – деді Баянауыл ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жібек Ажарбекова. 

Акцияға тек ірі кәсіпкерлер ғана емес, ауылдағы қарапайым тұрғындар да қатысады. Көп жағдайда көмек қаржылай емес, нақты қажеттіліктерге бағытталады.

– Мысалы, ауылдық жерлерде кей отбасыларға мал азығы қажет болады. Шаруа қожалықтары осы бағытта көмек көрсетеді. Басқалары азық-түлікпен немесе қатты отынмен қамтамасыз етеді. Кейбір азаматтар арнайы бізге хабарласып, «осындай мұқтаж отбасыларға көмектескім келеді» деп ұсыныс білдіреді. Бізде әлеуметтік көмекке мұқтаж жандардың арнайы тізімі бар, көмек сол тізімге сәйкес үлестіріледі, – деп түсіндірді Жібек Ажарбекова.

Өткен жылы облыс бойынша екі жүзге жуық кәсіпкер мен қарапайым азамат «Қамқорлық» айлығына атсалысып, мыңнан астам тұрғынға көмек берген. 

– Қамқорлық айлығы тек мемлекеттік құрылымдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ ісіне айналды. Біз кәсіпкерлер мен еріктілердің белсенділігін жоғары бағалаймыз. Әркім өз шамасына қарай үлес қосса, мыңдаған мұқтаж жанның жүрегіне үміт пен қуаныш сыйлауға болады, – деді бөлім басшысы.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, қазан айының алғашқы күндері атап өтілетін қарттар күні аясында да көптеген қайырымдылық шаралары жоспарланып отыр. Осылайша, айлық соңына дейін жүздеген жанұя нақты қолдауға ие болмақ.