Павлодарда көпбалалы аналарға арналған қолөнер және аспаздық тегін курстар ашылды

Павлодарда көпбалалы аналарға арналған қолөнер және аспаздық тегін курстар ашылды
Фото: Hanna Pad

40 павлодарлық әйел жаңа дағдыларды меңгеру мүмкіндігіне ие болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс орталығында әлеуметтік осал санаттағы әйелдерге, соның ішінде көпбалалы аналар мен жалғызбасты аналарға арналған «Әйдидай» әлеуметтік жобасы бастау алды. Бұл жобаға Павлодар қаласының тұрғындарымен қатар, қала маңындағы ауылдарда тұратын әйелдер де қатыса алады.

Бұл туралы «Жігер» балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының бөлім меңгерушісі Индира Баужанова айтып берді.

– Біз әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізіп, сұранысты зерттедік. Соның нәтижесінде төрт бағыт бойынша курстар ұйымдастыруды ұйғардық: кондитерлік өнер, пішу және тігін, ұлттық әшекей бұйымдарын жасау, сондай-ақ гипстен түрлі фигуралар дайындау, – деді ол. – Екі айға созылатын жоба барысында қатысушылар алған білімдері мен дағдыларын кейін табыс көзіне айналдырып, өздері мен отбасыларына қосымша кіріс таба алады.

Сабақтарды «Жігер» орталығының қосымша білім беру саласындағы білікті педагогтері жүргізеді. Жобаға қатысушылар кондитерлік өнер бойынша алғашқы сабақты алып, шифонды бисквит дайындауды үйренді.

– Қазіргі таңда гипстен жасалған мүсіндер, жинақ жәшіктері, тойбастарға арналған қобдишалар, сондай-ақ қазақтың ұлттық стиліндегі әшекейлер өте танымал, – дейді Индира Баужанова. – Оларды жасау қиын емес, тек негізгі тәсілдерін білу қажет. Бұл балалармен үйде отырған немесе толық емес жұмыс күнінде еңбек ететін әйелдерге өзін физикалық әрі материалдық тұрғыдан жүзеге асыруға көмектеседі.

Бөлім меңгерушісінің айтуынша, жобаға қатысушылар барлық қажетті шығын материалдарымен қамтамасыз етіледі. Әр бағытта он қатысушыдан бар. Сабақтар аптасына бір рет, екі сағаттан өтеді. Ақпан айының басында қорытынды жасалып, қатысушыларға сертификаттар табысталады.

Алайда, мұнымен жоба аясындағы ынтымақтастық аяқталмайды. Келесі айда «Әйдидай» жобасына қатысушылар үйде өз бетінше шеберліктерін шыңдайды, ал жоба ұйымдастырушылары оларға әрі қарай да қолдау көрсетіп, кеңес беріп, сұрақтарына жауап береді.