Павлодарда ТПИК қоқысты уақтылы шығармағаны үшін ескерту алды

Павлодарда  ТПИК қоқысты уақтылы шығармағаны үшін ескерту алды
Фото: Павлодар облыстық ПД

Полицейлер рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері фактілерінің жолын кесу мақсатында рейд өткізуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, рейдтерге жұртшылық өкілдері де қатысады. Сондай-ақ тұрмыстық қалдықтарды заңсыз тасымалдаушыларды анықтау бойынша іс-шаралар жүргізілуде.

– Қоғам қайраткері Болат Сүлейменов қатысқан бірлескен рейд жүргізу кезінде шығыс өнеркәсіп аймағы ауданында құрылыс қоқысымен топырақты заңсыз сақтау фактісі жойылды. КамАЗ маркалы автомашина ұсталды. Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды, – дейді департаментте. 

Сол күні Кривенко көшесі, 81 мекенжайы бойынша орналасқан үйдің ауласында тұрмыстық қоқыстарды жинау фактісі анықталды. ТПИК төрағасына қоқысты уақтылы шығармағаны үшін ескерту жасалды.

Профилактикалық іс-шара өткізілген екі күн ішінде қалалар мен елді мекендердің аумағын абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін облыстың 25 тұрғыны ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ жалпы пайдаланымдағы орындарды ластағаны үшін тоғыз азаматқа ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы бойынша әкімшілік айыппұл салынды.

«Қоқыс» профилактикалық іс-шарасы 2023 жылғы 16 қазанға дейін жалғасады.