Павлодарда AI мен цифрландыруға арналған жастар форумы өтті

Павлодарда AI мен цифрландыруға арналған жастар форумы өтті
Фото: ұйымдастырушылар

Белсенділер ЖИ технологиясы бойынша тәжірибе алмасты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

 «Auyl Jastary: Цифрландыру және жасанды интеллект» атты шара өңірлік жастар  арасында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы заманауи трендтерді талқылауға арналды. Форумда IT және инновация бағытындағы мүмкіндіктер таныстырылып, белсенді жастар алаңы қалыптастырылды. Ал цифрландыру мен заманауи технологиялар саласындағы мамандар өз тәжірибелерімен бөлісті.

Жиын аясында сарапшылардың баяндамалары, пікірталас алаңдары, еркін форматтағы кездесулер және концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Қатысушылар үшін заманауи цифрлық технологияларын пайдалана отырып интерактивті ойындар өткізілді. 

Павлодар облыстық мәслихатының депутаты Саят Елгонденов мұндай форумдардың жастар үшін маңызы зор екенін атап өтті.

- Бүгінде цифрландыру мен инновациялық технологиялар - уақыт талабы. Осындай шаралар жастардың жаңа технологияларды меңгеріп, заманауи бағытта дамуына мүмкіндік береді. Белсенді жастардың бастамаларын қолдау - болашаққа салынған инвестиция, - деді ол.

Сарапшы Наталья Абрамова жасанды зердені қолдану тақырыбында баяндама жасады. Қатысушы Олжас Саукенов киберқауіпсіздік пен кибергигиена мәселелерін көтерсе, Ернар Джакашев цифрлық интеллект құралдарының шағын және орта бизнесті дамытудағы мүмкіндіктеріне тоқталды. Форум қонағы Никита Смелов заманауи технологиялар кезеңіндегі мамандықтардың трансформациясы туралы айтты.

«BOOM» маркетинг агенттігінің директоры әрі «Ауыл» партиясының мүшесі Аслан Дүйсенбаев жастарға бұл бағыттың болашағы зор екенін атап өтті.

- Менің мақсатым - жастарға осы саланы таныстыру. Себебі өзім кәсіпкер ретінде цифрлық технологияларды жиі қолданамын. Осы бағыттағы білімге жол ашып, жаңа мүмкіндіктер арқылы дамуға әрі табыс табуға болатынын көрсету болды, - деді ол.

Басқосу барысында партиялық билеттерді табыстау рәсімі өтті. Салтанатты сәтте «Ауыл» партиясының қатарына Мухаммедуали Есімов, Қасиет Мұхтаров, Ильдар Баширов және Никита Колесников қабылданды.

Сонымен қатар, өңірдің қоғамдық өміріне белсенді араласып, жастар бастамаларын қолдауда ерекше көзге түскен қатысушылар марапатталды. Атап айтқанда, партия ұйымдастыратын хакатондарға, «Жайдарман» ойындарына және ардагерлерге көмек көрсету шараларына тұрақты атсалысқан жастарға алғыс хаттар табысталды.