Полиция барысы: Павлодар облысында ең мықты сақшылар анықталды

Полиция барысы: Павлодар облысында ең мықты сақшылар анықталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірдің 75 полиция қызметкері қатысқан дәстүрлі ашық қазақ күресінен «Полиция барысы» чемпионаты Екібастұз қаласындағы Жасыбай спорт кешенінде өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Турнирдің басты мақсаты – полиция қызметкерлерінің дене дайындығын жетілдіру, салауатты өмір салтын насихаттау және жауынгерлік машықты шыңдау. Күні бойы жалғасқан белдесулерде қатысушылар бірнеше қарсыласпен күш сынасып, өз шеберліктерін паш етті.

Ашылу салтанатында қала әкімі Аян Бейсекин спорттың маңыздылығына тоқталып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін сақшылар үшін физикалық дайындықтың ерекше рөл атқаратынын атап өтті. Ал облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Жандос Орымбаев мұндай жарыстар ұлттық спортты дәріптеумен қатар, қызметкерлердің кәсіби деңгейін арттыруға ықпал ететінін жеткізді.

Балуандар жеті салмақ дәрежесінде сынға түсті: 60 келіден 100 келіден жоғары салмаққа дейін. Ереже бойынша спортшылар белгіленген уақыт ішінде ұпай санын арттыруы тиіс, ал қарсыласын жауырынымен жерге тигізсе, «таза жеңіс» тіркеледі.

Чемпионат қорытындысында «Полиция барысы» белбеуі 100 келіден жоғары Еркебұлан Сапарғалиға, 100 келіге дейін Қанағар Какеновке, 90 келіге дейін Айтжан Қабиболлаға, 82 келіге дейін – Шеризат Нұғарбековке, 74 келіге дейін – Сұңқар Ибраевқа, 66 келіге дейін Әділ Хұрметке, 60 келіге дейін Медет Құдайбергеновке бұйырды. 

Командалық есепте Екібастұз қалалық полиция басқармасының құрамасы топ жарды. Екінші орын ІІМ Оқу орталығының спортшыларына бұйырса, үздік үштікті Баянауыл аудандық полиция бөлімінің командасы түйіндеді.

Айта кетейік, бұл жарыс – іріктеу кезеңі. Енді үздік балуандар наурыз айында Тараз қаласында өтетін «Полиция барысы – 2026» республикалық турнирінде Павлодар облысы полиция департаментінің намысын қорғайды.